ШҚО тұрғындары есірткі өсіру үшін екі шағын жылыжай ашқан
Олардан жарты килограмм есірткі табылды
ШҚО-да екі тұрғын есірткі өсіру үшін екі шағын жылыжай ашқаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Поблыстық ПД мәліметінше, тінту барысында полиция қызметкерлері облыстың 57 және 35 жастағы тұрғындарының пәтерлерінен арнайы жабдықталған фитолабораторияларды анықтады.
Олардың бірі жарықдиодты шамдармен, желдету және фильтр жүйесімен жабдықталып, шкафтың ішінде орналасқан болса, екіншісі термобокс түрінде жасалған болып шықты.
«Тінту кезінде қарасора өсімдігі, оларды өсіруге арналған құрылғылар, сондай-ақ өсімдік тектес зат салынған түйіншектер тәркіленді. Тыйым салынған заттың жалпы салмағы 570 граммнан асты.
Аталған фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция есірткі қылмысын анықтау және жолын кесу жұмыстарын жалғастыруда және азаматтарды осындай заңбұзушылықтар туралы бірден хабарлауға шақырады. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында ғана есірткінің таралуына қарсы тұрып, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады», - делінген облыстық ПД хабарламасында.