$ 503.15  543.3  5.93
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

БҚО-да ер адам көлік ұрлап, полицейден қашқан

Ол бұрын да ұрлық үшін істі болған

БҚО-да ер адам көлік ұрлап, полицейден қашқан
Фото: istockphoto.com

Батыс Қазақстан облысында полицейлер автокөлік ұрлаған адамды «ізін суытпай» қолға түсірді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

«Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері автокөлікті айдап кету қылмысын жедел түрде ашып, күдіктіні ұстады.

Түнгі уақытта 43 жастағы жергілікті тұрғын полицияға хабарласып, Lada Kalina автокөлігінің ұрланғанын мәлімдеді. Ер адам дәмханаға тез арада кіріп шықпақ болып, көлігін оталып тұрған күйі ашық қалдырған. Осы сәтті пайдаланған қаскөй темір тұлпарды айдап әкеткен.

Полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларының көмегімен көліктің бағытын анықтап, жедел іздестіру шараларын ұйымдастырды.

Алайда күдікті тәртіп сақшыларының заңды талаптарына бағынудан бас тартып, жол ережелерін өрескел бұзды. Ол бірнеше мәрте қарсы жолаққа шығып, бағдаршамның қызыл түсіне өтіп, маневр жасау ережелерін елемей, жол қозғалысына қауіп төндірді. Жалпы оның жеті бірдей әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны анықталды.

Құқық қорғаушылардың жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің нәтижесінде күдікті көп ұзамай қолға түсті. Тергеу барысында оның 27 жастағы азамат екені және бұрын телефон ұрлығы бойынша күдікке ілінгені белгілі болды.

Аталған факті бойынша автокөлікті айдап әкету бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Ұрланған көлік иесіне қайтарылды.

Серіктес жаңалықтары