Абай облысында есірткі сатып жүрген адам 10 жылға сотталып кетуі мүмкін
Одан 1,3 млн теңгеге бағаланған «синтетика» табылды
Абай облысында есірткі сатып жүрген 20 жастағы жігіт 10 жылға сотталып кетуі мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Күдіктіні полиция қызметкерлері 1,3 млн теңгеге бағаланған «синтетикамен» ұстады.
«Семей қаласында синтетикалық есірткі заттарын сақтау және сату күдігімен жас жігіт ұсталды. Тінту барысында одан ақ ұнтақ салынған 27 зип-пакет, өлшеу таразылары және орау материалы табылды. Сараптама нәтижесінде алынған заттың меткатинон (эфедрон) аналогы екені және жалпы салмағы 25,84 граммды құрайтыны анықталды. Қара нарықта оның құны 1,3 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Оған 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін», - делінген облыстық ПД хабарламасында.