$ 503.15  543.3  5.93
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«SIM-картаңыздың мерзімі аяқталды»: Шымкентте қарияның 46 млн теңгесін үптеп кеткен алаяқтар ұсталды (ВИДЕО)

69 жастағы қала тұрғыны алаяқтардың арбауына түсіп қалған

«SIM-картаңыздың мерзімі аяқталды»: Шымкентте қарияның 46 млн теңгесін үптеп кеткен алаяқтар ұсталды (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

Шымкентте зейнеткерді алдап, 46 млн теңге қағып алған алаяқтар ұсталып, қамауға алынды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Қашықтан алаяқтық жасаған екі күдіктіні киберполицейлер «Аnti-fraud» іс-шарасы аясында жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстары барысында ұстады.

69 жастағы қала тұрғыны алаяқтардың арбауына түсіп қалды. Жәбірленуші алдымен ұялы байланыс операторларынан SIM-картасының мерзімі аяқталғаны туралы қоңырау қабылдағанын айтты. Мерзімді ұзарту үшін ол SMS-кодты берген.

Біраз уақыттан кейін азаматшаға «құқық қорғау органдарының» атын жамылған алаяқтар хабарласып, шотында күмәнді операциялар басталғанын және алдыңғы қоңырау шалғандар алаяқтар екенін жеткізген.

Зейнеткер қаскөйдің нұсқауымен шотындағы бар ақшаны шешіп алып, жинап тергенін сақтап қалу үшін «сенімді қолға» уақытша тапсырған: ішінде 46 млн теңге бар пакетті жалған құқық қорғаушылар ауладағы орындықтан алып кеткен.

Қазіргі таңда аталған жайт бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілер қамауға алынды. Шымкент ПД киберпол бастығының орынбасары Шыңғыс Жайлаубектің айтуынша, бұл қашықтан жасалатын алаяқтықтың кең таралған схемаларының бірі.

Есіңізде болсын, SIM-карталардың жарамдылық мерзімі жоқ және жаңартуды қажет етпейді. Алаяқтардан қорғану үшін ешкімге ешқашан кодтарды айтпаңыз, қоңырау шалушымен диалогты бірден үзіп, полицияға хабарласыңыз.

Серіктес жаңалықтары