Өскемендегі өртте мүсінші отбасымен бірге қаза тапты: мәйіттерден зорлық-зомбылық белгілері табылды
Полиция тергеу жүргізіп жатыр

Өскеменде 69 жастағы Валерий Дранишников, оның азаматтық жары мен туысы өрттен кейін өлі күйінде табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy YK-news.kz-ке сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 30 қаңтар күні марқұм тұрған үйде болған. Осыдан кейін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде қайтыс болғандардың денесінде «зорлық-зомбылық белгілері бар» деген ақпарат тарады.
Алайда ШҚО полиция департаменті бұл мәліметті растаған жоқ, тек тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
«Адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, күдікті қамауға алынды», – деп мәлімдеді құқық қорғаушылар.
Валерий Дранишников – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. Оның мүсіндері облыстың көптеген елді мекендерінде орналасқан. Өскеменде оның ең танымал жұмыстарының бірі – Б. Александров атындағы Спорт сарайының алдында тұрған хоккейші мүсіні.
Марқұмның немересі өрт болған түн туралы өз білгенін бөлісті.
«Сағат үштер шамасында әпкем анама қоңырау шалып, атамның үйі өртеніп жатқанын айтты. Біз бірден сол жаққа аттандық. Барғанымызда үй толықтай жанып кеткен, ішке ешкімді кіргізбеді. Тек әпкемді ғана марқұмдарды тану рәсіміне қатысу үшін өткізді», – дейді ол.
Немересінің айтуынша, қаза тапқандар жертөледе болған, онда жуынатын бөлме, ас үй және мүсіншінің шеберханасы орналасқан.