$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.05.2020, 12:24
Жаңалықтар

Түркістан облысында 150-ден астам жылқы мен сиыр ұрлаған қылмыстық топ ұсталды

Қылмыстық топ Түркістан және Кентау қалаларының аумағында мал ұрлығымен айналысқан

Түркістан облысында 150-ден астам жылқы мен сиыр ұрлаған қылмыстық топ ұсталды

Түркістан облысы Полиция департаментінің басшысы Қайрат Дәлбеков брифинг өткізіп, Түркістан облысының полицейлері 70 миллионнан астам теңге тұратын 150-ден астам жылқы мен сиыр ұрлаған қылмыстық топтың ұсталғанын айтты. Қылмыстық топ Түркістан және Кентау қалаларының аумағында мал ұрлығымен айналысқан, деп хабарлайды Polisia.kz.

Cәуір айында Кентау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғындардың бірі малы ұрлағаны жөнінде шағымданған. Полиция өкілдері жәбірленушінің айтуымен, оның 20-дан астам жылқысы жоғалып кеткенін анықтаған.

«Тәртіп сақшылары жақын маңдағы барлық аумақтар мен жайылымдарды аралап, көрген адамдар мен ауылдықтардан сұрастырып, мал тасымалдайтын автокөлік және үй малдарын сатып алатын орындарды тексеріп шықты. Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында, Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция қызметкерлері Түркістан қаласы мен Кентау қаласының бес күдікті тұрғынын, оның ішінде ұрланған малдарды сатып алушыны да ұстады. Тергеу барысында барымташылардың 125 жылқы мен 30 бас ірі қара малын ұрлауға қатысы бар екені анықталды. Бүгінгі таңда 2017-2020 жылдар аралығында мал ұрлығының 19 жайтына қатысы бары белгілі болды», - дейді.

Полиция қызметкерлері аталған қылмыстық топтың ұйымдасқан түрде қылмыс жасағанын сеніммен айта алады. Қылмыстық топ құрамындағы ұрылардың әрқайсысы өзіне жүктелген міндетті орындаған. Кейбіреуі жайылымнан мал ұрлап алып шықса, басқалары оларды қора-жайларға жайғастырып отырған, ал үшіншілері ұрланған малды сатумен немесе сойып өткізумен айналысқан.  

«Күдіктілердің үйін тінту кезінде тәртіп сақшылары 18 бас жылқы мен 9 сиыр тәркілеп, оларды заңды иелеріне қайтарды. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі - 70 миллионнан астам теңге. Күдіктілер қамауға алынды. Полиция қызметкерлері ұсталғандардың басқа да осыған ұқсас мал ұрлығы деректеріне қатысы бар-жоғын анықтайды», - дейді ПД басшысы.

Серіктес жаңалықтары