Ақтау маңындағы ұшақ апатын тергеуге Түркия мамандары қатысады
Түркиядан 8 маманнан тұратын арнайы топ шақырылды
Ақтау маңында болған Azerbaijan Airlines ұшағының апатын тергеу үшін Түркиядан 8 маманнан тұратын арнайы топ шақырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Anadolu Ajansı-на сілтеме жасап.
Түркияның көлік және инфрақұрылым министрі Абдулкадир Уралоғлуның мәлімдеуінше, бұл мамандар Әзербайжанның Азаматтық авиация жөніндегі мемлекеттік агенттігінің сұрауы бойынша жұмыс істейді.
«Біз техникалық және пайдалану талдауын жүргізіп, қажетті қолдау көрсетеміз. Оқиғаның барлық мән-жайын тергеу және нәтижелерді жариялау үшін билікпен үйлесімді жұмыс істейміз», — деді министр.
Уралоғлуның айтуынша, делегация 27 желтоқсан күні кешке Бакуға аттанған.
«Түркия кез келген жағдайда Әзербайжанды қолдайды», — деп атап өтті министр.
Сондай-ақ, Абдулкадир Уралоғлу қайтыс болғандардың жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі.