СҚО-да шаруалар гүл өсіру үшін 42 млн теңге несие алған
Олар көше гүлдерінің көшеттерін өсіреді
Гүл бизнесі тынымсыз еңбекті қажет етеді және екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Бұл істі дамытып, табыс табу үшін қыр-сырын терең меңгеру керек. Бірақ, бұл Солтүстік Қазақстан облысының еңбеккерлеріне бөгет емес. Олар қиын жұмыстан жалтармай, бизнестерін дөңгелетіп отыр, деп хабарлайды ҚазАгро.
«2019-жылдан бері Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Солтүстік Қазақстан облысындағы филиалы арқылы гүл бизнесін дамытуға 10 флорист-гүл өсіруші жалпы сомасы 42 млн теңгенің несиесін алған»,- делінген хабарламада.
Бір Имантау ауылының өзінде 150 отбасы гүл және көкөніс дақылдарының көшеттерін өсіріп отырған 110 жылыжай бар.
Жылыжайда өсімдіктер үшін қолайлы жағдай жасалған, ауылдықтар сәуір айының соңынан бері гүл көшеттерін өсіріп жатыр.
Имантауда өсіріліп жатқан гүлдер Нұр-Сұлтан, Петропавл, Қостанай, Павлодар, Атбасар, Щучинск, Көкшетау қалалары мен Солтүстік Қазақстан облысының аудан орталықтарын жайқалтуға жіберіледі.
Кәсіпкер Вильнур Аминов «Еңбек» бағдарламасы арқылы Қордан гүл бизнесін дамыту үшін несие алған болатын.
Несие қаражатына көшеттің 400 мың тамырын жайқалтатын жылыжай салды. Калининградтан арнайы байытылған топырақ пен голландиялық селекция тұқымын сатып алды. Қосымша төрт жұмыс орнын ашты.
Кәсіпкерлерге несие беру жұмыстары жалғасуда. Кәсіп бастағысы келетін немесе бизнесін кеңейткісі келетін азаматтардың Солтүстік Қазақстан облысындағы филиалға хабарласуларына болады. Петропавл қаласы, Букетов көшесі 31А, тел.: 8 (7152) 46-51-48