Атырау облысында 17 әлеуметтік үй пайдалануға берілді
Жаңа баспана халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына табыс етілді
Атырау облысы Мақат ауданы Доссор кентінде «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында 34 пәтерлі 17 үйдің құрылысы аяқталып, тұрғындарға табысталды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мақат ауданының әкімі Азамат Мамбетов пәтер кілтін табыстау салтанатында келер жылы да ауданда тұрғын үйлер салынатынын айтып, жаңа баспана иелерін қуаныштарымен құттықтады. Осылайша, жаңа баспана халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына, көпбалалы отбасылар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы және жалғыз үйі ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен апаттық жағдайда деп танылған азаматтарға берілді.
«Біраз жыл апатты жағдайдағы үйді паналаған едік. Енді міне, көптен күткен арманымыз орындалып, жаңа баспанамыздың кілтін алдық. Дәл осы сәттегі әсерімді айтып жеткізе алмаймын. Көңілім толқып, қатты қуанып тұрмын. Осы үйлердің құрылысы басталғанда қызығып қарап жүруші едік. Көп күттірмей жаңа шаңырағымызға да қол жеткіздік», – деді Доссор кентінің тұрғыны Гүлжан Сисенғалиева.