Алакөл мемлекеттік табиғи қорығының директоры сотталды
Директордың қол астындағы қызметкерлері де жазаға тартылды

Жетісу облысында Алакөл мемлекеттік қорығының директоры Қ. Әбілқасымов, оның орынбасары Н. Бейсенов және бөлім басшысы Р. Шалапанов сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Антикор мәліметінше, олар қызмет көрсетілетін аумақта заңсыз шөп шабу бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны үшін жергілікті тұрғындардан алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобында бірнеше рет пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.
«Әбілқасымов пен Шалапановтың әрқайсысына 10,5 млн теңге, ал Бейсеновке 15,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Осы үкіммен, Алакөл ауданының тұрғындары О. Булгунчинов мен К. Канагатов аталмыш лауазымды тұлғаларға пара бергені үшін сәйкесінше 6 млн теңге және 2,2 млн теңге айыппұлға сотталды.
Сонымен қатар, сотталғандарға өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқаруға тыйым салынады. Сот үкімі заңды күшіне енді.
ҚР ҚК 41-бабына сәйкес айыппұл белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда жаза шарасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылады», - делінген хабарламада.