$ 525.87  614.37  6.72
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жамбыл өңірінде мәдени саланың дамуы: тарихи мұра мен қазіргі кезеңнің үндестігі

Аймақта 2019 жылдан бері 33 мәдени нысан бой көтеріп, ел игілігіне берілген

Жамбыл өңірінде мәдени саланың дамуы: тарихи мұра мен қазіргі кезеңнің үндестігі
Фото: Жамбыл облысының Мәдениет басқармасы

Жыр алыбы – Жамбыл бабамыздың есімін иеленген өңірге биыл 85 жыл толып отыр. Өңірдің мәдениет саласында да мәнді жұмыстар жүзеге асып жатыр. Тәуелсіздік алған жылдары облыста мәдениет ошақтары көптеп ашылды. Қазіргі таңда 503 мекеме тұрғындарға мәдени салада қызмет көрсетіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, 2019 жылдан бері аймақта 33 нысан бой көтеріп, ел игілігіне берілген. Атап айтсақ, Тараз қаласында орналасқан «Ерлік» мемориалдық кешенінде ҰОС ардагерлері және тыл еңбеккерлеріне арналған «Даңқ» залы ашылды. Сонымен қатар, облыстың 80 жылдығы қарсаңында өңірдің мәдени-рухани өмірінде үлкен маңызы зор нысандар пайдалануға беріліп, «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені жаңа нысандармен  толықтырылды.

Бұл кешенде «Ш.Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығы, облыстық тарихи-өлкетану музейі, Көркемсурет галереясы орналасты. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, екі мың жылдан астам тарихы бар киелі Әулиеата өңірі туристерді қызықтыратын, тарихи-мәдени нысандарға бай өлке. «Шеберлер және туризм» орталығының ашылуы оған дәлел.

Ал 2022 жылы Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойында Жуалы ауданы Талапты ауылындағы өзі тұрған үйі әдеби-мемориалды үй ретінде халық игілігіне берілді. Бүгінде аталған нысан жазушының шығармашылығымен терең танысып, таным көкжиегін кеңейткісі келетін жандар үшін есігін айқара ашқан. Мұнда түрлі әдеби кештер мен рухани басқосулар өтіп тұрады. 2024 жылы облыс әкімдігінің қолдауымен Жамбыл облыстық айтыскер ақындар және жыршы-термешілер орталығы ашылды.

Соңғы бес жылдықта аудандарда 26 мәдениет үйі мен ауылдық клуб салынды. Осы жылдың өзінде 5 нысан пайдалануға беріліп, жыл соңына дейін тағы үшеуінің құрылысы аяқталады деп күтілуде. Осылайша 2027 жылға дейін Жамбыл облысы бойынша елді мекендерді мәдениет нысандарымен қамту және олардың халыққа қызмет көрсету деңгейін толық қамту жоспарланып отыр.

Жамбыл жері ақиық ақындар мен жауһар жыршылардың, күміс көмей әншілердің киелі ордасы саналады. Қазіргі таңда 53 дәстүрлі әнші, 100-ге жуық ақын-жыршы, 25 күйші, 40-тан аса эстрада әншісі шығып, елге рухани-мәдени қызмет көрсетіп келеді.

Дәулескер күйші Ықылас Дүкенұлының күй шеруін Әбдімомын Желдібаев пен Аман Малдыбаев, жыршы-термеші Аяз Бетбаев пен композиторлар – Алтынбек Қоразбаев, Ілия Жақанов, Мұрат Құсайынов, Әбиірбек Тінәлі, Марат Ілиясов жалғастырып, олардың ізін Бағдат Сәмединова, Сәуле Жанпейісова, Майра Нүркенова, Саят Медеуов, Досымжан Таңатаров, Құрмаш Маханов, Мейрамбек Бесбаев, Гүлмира Ақүрпекова, Мұқасан Шахзадаев, Айбек Жансейітов (Бүркіт), Гауһар Қаспақова, Бейбіт Сейдуалиева, Әлішер Кәрімов, Мақсат Базарбаев, Айгүл Иманбаева, Ернар Айдар, Мөлдір Әуелбекова, Тахмина Әшімбекова сынды өнер иелері жалғап келеді.

Театр мен кино саласының саңлақтары атанған Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Дулыға Ақмолда, Азамат Сатыбалды , би өнеріне үлес қосқан Байдәулет Сазабеков, айтыстың ақтангері Мұхамеджан Тазабек, ақын Маралбай Ыбыраев ел ықыласына бөленіп жүр.

Өңірде Жамбыл Жабайұлының туған күніне орай «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» атты республикалық ақындар айтысы, Кенен Әзірбаев атындағы «Шырқа, дауысым» Республикалық дәстүрлі әншілер конкурсы, Ықылас Дүкенұлы атындағы «Жез киік» қобызшылар конкурсы, «Көне Тараз күмбірі» Республикалық фольклорлық ансамбльдер конкурсы, Алтынбек Қоразбаев атындағы халықаралық «Ән-жырым саған, туған ел!» ән конкурсы, шығармашылық жастардың «Жаңа есім» жобасы және «Театр – өмір айнасы» халық театрларының республикалық фестивалін тұрақты өткізу дәстүрге айналған.

Бүгінгі күні Жамбыл облысында 1 Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, 1 қазақстанның халық әртісі, 4 ҚР еңбек сіңірген әртісі, 9 Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 120-дан астам мәдениет қайраткері мен мәдениет саласының үздігі халықтың мәдени-рухани жұмыстарын дамытуға, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге өз үлестерін қосуда.

2019 жылы «Жастар жылына» орай өнердегі шығармашыл жастарға қолдау көрсету мақсатында облыстық филармония жанынан «Айша бибі» этно-фольклорлық би ансамблі құрылды.

Облыстың шығармашыл өнер ұжымдары бірқатар жетістікке жетіп, шетелдермен мәдени байланыс нығайып отыр.

2021 жылы Облыстық орыс драма театры Керчь қаласында (РФ, Қырым) өткен Халықаралық «Боспорские Агоны» театр фестиваліне қатысып, «За верность Международному фестивалю античного искусства» номинациясын иеленді.

2022 жылы Өзбекстан Республикасы Хиуа қаласында ұйымдастырған «Лазги» халықаралық би фестиваліне Қазақстан атынан жамбылдық «Ақкербез» би ансамблі қатысып, ансамбльдің бишісі Гүлнұр Қасымбек «Аққу» биімен І орын жүлдесіне ие болды.

Шығармашылықты қолдаудың нәтижесінде, «Хабар» агенттігінің ұйымдастыруымен өткен «Жеті қазына» республикалық телевизиялық жобасында 20 өңірлік команда арасынан Жамбыл облысының командасы үздік шығып, бас жүлде алды.

Республикалық «Асыл домбыра» айтысында да 20 өңір ішінен Жамбыл облысы бас жүлдені иеленді.

2023 жылы Қырғызстанда өткен Мейкин Азия-2023 халықаралық әншілер конкурсында филармония әншісі Айна Қалмағамбетова Гран при жүлдесін жеңіп алды.

2018 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан «Рухани қазына» республикалық фестивалінде облыстың мәдениет мекемелері мен қызметкерлері әр жылдары үздік атануда.

Облыстың мәдениет саласы күннен-күнге өсіп-өркендеуде. Алдағы уақытта да, Жамбыл облысының ғасыр тойында, мыңжылдықтарында да мәдениет саласының биік белестері мен бағындырған асулары айрықша айтылары анық.

Серіктес жаңалықтары