Елімізде бұралқы иттердің саны көбейіп барады – депутат
Қазіргі статистика бойынша 900-дей иттің ғана қожайыны бар
«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға өзгерістер енгізу туралы» заң жобасына бастамашы болған мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин елімізде қаңғыбас иттер көбейіп бара жатқанына алаңдап, депутаттар бұралқы иттерге неліктен эвтаназия жасауды ұсынғанын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, 2023 жылғы ақпарат бойынша республикада 300 мыңдай ит бар. Оның ішінде ең көбі – бұралқы иттер.
«Осы тұста қызық статистиканы мысалға келтірсем, ит-мысыққа чип тағу міндеті болмағанға дейін бізде 28 мыңдай иттің қожайыны бар болатын. Ал осындай талап енгізіліп, иттерге чип тағыңдар дегеннен бастап қожайыны бар иттердің саны 4 мыңға дейін азайып кеткен. Яғни 24 мыңдай итті көшеге лақтырып тастады немесе олар өліп қалды деген сөз. Енді бүгінгі статистиканы қарасақ, қожайыны бар 900-дей ғана ит қалған. Яғни біздің азаматтар иттеріне чип тақпай, оларды көшеге жіберіп жатыр. Осының салдарынан көшедегі бұралқы иттердің саны көбейіп бара жатыр. Қожайыны жоқ иттер көбейіп жатыр. Біз мұны реттеуіміз керек», - дейді Жаңбыршин Мәжілісте «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында өткен дөңгелек үстелден кейін.
Мәжілісменнің айтуынша, Қазақстанда «иттерді аулау – стерилизация жасау – вакциналау – көшеге қайта жіберу» деген бағдарлама жұмыс істемейді, бұралқы иттердің санын реттеп жатқан жоқ. Сондықтан депутаттар қаңғыған иттерді эвтаназия арқылы қинамай өлтіру нормасын ұсынған.
«Зооқорғаушылар эвтаназия мәселені шешпейді дейді. Сонда не шешеді дейміз біз. «Иттерді аулау, стерилизация, вакцинация және жіберу» дейтін бағдарламаңыз да жұмыс істемей тұр ғой. Оның санын реттемей тұр. Сондықтан, менің ойымша, біріншіден бөлінген қаражат дұрыс жұмсалуы керек. Екіншіден, жергілікті жерде инфрақұрылым дұрыс болуы керек. Үшіншіден біз бұралқы иттердің санын эвтаназия жасап реттеуіміз керек. Егер де ол итті алып кетпесе, панажайлар мен уақытша ұстайтын бөлімшелерде олардың саны көбейе береді. Ал ондағы иттерді асырау керек, тамақтандыру керек, мұның бәріне қаражат қажет», - дейді Жаңбыршин.
«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр.