$ 516.93  542.52  4.98
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жұмысқа орналастыру үшін пара алу: Ақтөбе облысында депо басшысы сотталды

Сот барысында барлық айыпталушылар өз кінәсін мойындады

Жұмысқа орналастыру үшін пара алу: Ақтөбе облысында депо басшысы сотталды
Фото: railways.kz

Ақтөбе облысында жұмысқа орналасу үшін берілген 1,5 миллион теңге параға байланысты депо басшысы, кадр бөлімінің маманы және екі сыбайласы сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.

26 жастағы Ембі тұрғыны техникалық білім алып, депода жұмысқа орналасуға тырысқанымен, конкурс арқылы өте алмаған. Шешім іздеген ол машинист көмекшісі болып істейтін досына жүгінді. Досы кадр бөлімінің маманымен байланысып, ол басшыға пара беруді ұсынған.

Кандидатқа алдын ала дайындалған сұрақтар мен жауаптар берілген. Жұмысқа қабылдану үшін қажетті соманы жинау мақсатында жас жігіт әйелі арқылы несие рәсімдеп, 1,5 миллион теңгені пара ретінде дайындаған. Бұл ақшаны қолма-қол досына тапсырып, ол оны кадр бөліміне жеткізген. Ал кадр бөлімінің маманы өз кезегінде ақшаны депо басшысының міндетін атқарушыға берген. Кейінірек депо басшысы бұл сомадан 300 мың теңгені кадр маманы өзіне қалдырғанын айтқан.

Сот барысында барлық айыпталушы өз кінәсін мойындады. Депо басшысы сотта бұл ақшаны депо ғимаратын жөндеуге жұмсағанын айтып, бюджеттен бөлінген қаражаттың жетіспеушілігін сылтауратқан. Бірақ бұл оның үкімін жеңілдеткен жоқ.

Пара берген азамат жұмысқа қабылданғанын, алайда бар болғаны бір жарым айдан кейін жұмыстан шығарылғанын айтты.

Соттың шешімі бойынша, депо басшысы 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Пара берген азамат үш жылға, ал оның досы қылмысқа қатысқаны үшін осындай мерзімге сотталды. Кадр маманына 1,5 жыл түрме жазасы берілді. Сонымен қатар  сотталғандарға мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды.

Серіктес жаңалықтары