Күзетшіні асқан жауыздықпен өлтірген: тергеу ісі қайта жанданды
Күзетшіні көлікпен бірнеше рет соғып, артынша тепкіге алған
Алматыда «Меркурий Тауэрс» тұрғын үй кешенінің күзетшісін қатыгездікпен өлтіру ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу қайта басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметіндегі Azattyq Rýhy тілшісіне берген түсініктемесінде ПД тергеу басқармасы адамды өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«Күдікті бірден қамауға алынды. Бұған дейін сотқа дейінгі тергеу мерзімі сот-психиатриялық зерттеу жүргізуге байланысты үзілген болатын. Қазіргі уақытта қайта жанданды, тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу аяқталғаннан кейін қылмыстық іс материалдары сотқа беріледі», – деді полиция.
Естеріңізге сала кетейік, оқиға осы жылдың наурыз айының соңында Самал-3 шағын ауданындағы «Меркурий Тауерс» тұрғын үй кешенінде болған. Ер адам күзетшіні көлікпен бірнеше рет соғып, артынша аяусыз ұрып өлтірді. 13 қыркүйекте сотқа дейінгі тергеу тоқтатылғаны белгілі болды.