Орал тұрғыны анасының өлімі үшін аурухананы сотқа беріп, 2 млн теңге өтемақы алды
Оқиға 2019 жылы болған
Орал қаласының тұрғыны анасының өлімі үшін аурухананы сотқа беріп, 2 миллион өтемақы өндіріп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жоғарғы сот мәліметінше, 2019 жылы жедел жәрдем бригадасы дене қызуы көтеріліп, жалпы әлсіздікпен 76 жастағы әйелді Орал қалалық ауруханасына жеткізген. Дәрігерлер созылмалы бронхит пен пневмония деген диагноз қойып, терапия бөліміне жатқызған.
«Ем нәтиже бермей, науқастың жағдайы ауырлаған. Компьютерлік томография плеврит деген күдікті көрсеткен. 4 аптадан кейін науқастың жағдайы нашарлауына байланысты облыстық ауруханаға жеткізіліп, сол жерде қайтыс болған.
Қайтыс болған әйелдің ұлы денсаулық сақтау басқармасына дәрігерлердің салғырттығы мен тиісті ем қабылдамағаны туралы шағыммен жүгінген, тексеру барысында аурухана тарапынан заң бұзушылықтар анықталған.
Тексеру материалдары Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментіне жолданып, қылмыстық іс қозғалып, қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты бірнеше рет тоқтатылып, прокуратура күшін жойған», - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, денсаулық сақтау басқармасы қалалық аурухананың қарсылығын қабылдамағандықтан, марқұмның ұлы ауруханадан моральдық шығынды өтеу туралы Орал қаласының №2 сотына шағым түсірген.
Ол ананың өліміне сапасыз медициналық көмек пен қалалық аурухана дәрігерлерінің әрекетсіздігі себеп болғанын атап өткен.
Белгілі болғандай, талап қоюшының анасы емделіп жатқан аурухананың терапия бөлімінде жалпы практикалық дәрігердің куәлігі бар маман жұмыс істегені, оған құқығы жоқ екені туралы факт анықталды.
«Сарапшы науқасқа оның жасы мен онда бар созылмалы аурулары, соның ішінде, бүйректің жедел зақымдануын тудырған антибиотиктер ескерілмей, дәрі-дәрмек тағайындалғанын анықтады. Тиісті бактерияға қарсы препараттар мен гемодиализді енгізу науқастың өмірін ұзартуы мүмкін еді.
Сот медициналық құжаттарды, сарапшылық қорытындыларды және тексеру актісін ескере отырып, дер кезінде қайталама сынақтар өткізбеу, науқастың жағдайын дұрыс бағаламау, емдеуді кеш түзету, нефрологтың кеңесінің уақытында болмауы мен консилиумның кеш жүргізілуі аурудың нәтижесіне әсер еткенін және өлімге әкеліп соққанын анықтады.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде талап қою ішінара қанағаттандырылды: талап қоюшының пайдасына ауруханадан 2 млн теңге моральдық шығын өндірілді. Шешім заңды күшіне енген жоқ», - деп хабарлайды Жоғарғы сот.