«Оқ атпайық»: Шерзат Болаттың әкесі үндеу жасады
Ұлынан айырылып, артынша шаңырағы өртенген ер адам бәрі заң аясында шешілгенін қалайды
Талғарда бір топ адамның қолынан қаза болған 16 жастағы Шерзат Болаттың отбасы тұратын үй өткен түнде өртеніп кетті. Осыған байланысты Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов қазақстандықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлынан айырылып, артынша шаңырағы өртенген ер адам бәрі заң аясында шешілгенін қалайды.
«Құрметті, қазақ елі! Мен ешқандай да қантөгіс болмаса екен деймін. Кеше түннен бері құзырлы органдар осында жүр. Қылмыскерлер заң алдында жауап береді деген ойдамын. Қан төгіп, біреудің обалына қалмайық. Барлығы заң аясында шешіледі деген үміттемін. Қай кезде болмасын Әділетті Қазақстан болатынына сенемін. Менде қорқыныш жоқ. Даладан келген жау жоқ. Бір-бірімізге оқ атпайық», – дейді Қаржаубай Нұрымов.