Халықтық штабтың өкілдері Тараз қаласындағы Минералды тыңайтқыштар зауытының ұжымымен кездесті

Azattyq Rýhy
Халықтық штабтың өкілдері Тараз қаласындағы Минералды тыңайтқыштар зауытының ұжымымен кездесті
Фото: «AMANAT» партиясының Жамбыл облыстық филалы

Халықтық штабтың өкілдері және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров атом энергетикасын пайдаланудағы дамыған елдердің тәжірибесін және АЭС-тің қауіпсіздігі мен тиімділігі жөнінде Тараз қаласындағы Минералды тыңайтқыштар зауытының ұжымына жан-жақты сөз етті. Іс-шараға қатысушылар өз еліміздің болашағын өзіміз таңдай алатын мүмкіндік ретінде әр қазақстандықтың алдағы референдумға қатысуының маңызына баса назар аударды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстандықтарды алдағы қазан айында маңызды кезең – референдум күтіп тұр. Халықтық штаб мүшелерінің сөзіне сенсек, бейбіт атом – ел экономикасының өсіміне оң әсер тигізетін сенімді және тұрақты энергия көзі. Тіпті, АЭС құрылысы жүретін өлкенің инфрақұрылымы жетіліп, аймаққа мультипликативті әсерін береді. Сонымен қатар, АЭС-тің пайдалануға берілуі – елдегі ядролық технологияның дамуына да серпін сыйламақ. Нәтижесінде көмірсутегі экспортына деген тәуелділік төмендеп, елдің энергетикалық тепе-теңдігін әрта­раптандырудың реті келеді.

«Атом электр стансасы – еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етудің пәрменді тәсілі. Әлемдік экономиканың көшбасшы елдері ондаған жылдар бойы бейбіт атомның энергиясын пайдаланып келеді. Сонымен қатар, көмір генерациясы арқылы алынған энергияны пайдалана отырып, өндірілген өнімдерге көміртегі салығы енгізілетінін де ұмытпауымыз керек. Бұл – қазақстандық тауарлардың бәсекеге қабілетіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан бізге ел дамуының кепілі болатын таза энергияның тұрақты әрі сенімді көзі қажет», – деді Мұқаш Зұлқарнайұлы.

Сондай-ақ, бұл күні жиналғандар атом энергетикасын дамытудың заманауи әлемдік трендтерін талқылап, елімізде бейбіт атомды дамыту бағытында жасалып жатқан жұмыс туралы айтты. Жиын соңында штаб мүшелері зауыт жұмысшыларының сұрақтарына жауап берді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.