Халықтық штаб өкілдері қызылордалық кәсіпкерлермен АЭС салу бойынша пікір алмасты
Біріншіден, «Ассоль» мекемесінің ұжымына түсіндірме жұмыстарын жүргізді
Кездесуде штаб мүшесі Мархабат Жайымбетов:
«Атом станциясының тиімділігі өзінің елге керектігін дәлелдеп отыр. Елімізде көптеген өндіріс зауыттары бар. Олардың өзі электр энергиясын шамадан тыс қолданады. Оған қоса жеке тұрғын үйлер мен көше жарықтары, тағы басқа электр қуатын қажет ететін салалар жетерлік. Мәселен, жел мен судан алатын электр қуаты да бар. Бірақ олар тұрақсыз болып табылады. Ал атом электр энергиясы жоғарғы технологияға жатады. Бізде мамандарымыз, оларды оқытатын институтымыз бар»,-деді.
Ал Халықтық штаб өкілдері, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов «Қазақтелеком» АҚ Қызылорда филиалының ұжымымен кездесті.
Басқосуда штаб мүшесі Наурызбай Сейтқалиұлы:
«Оңтүстік өңірлерде электр қуатының жетіспеушілігі сезілуде. Сондықтан, жетіспейтін энергия көзін Ресейден сатып алып отырмыз. Оның үстіне қазір барлық заттар электр қуатының көмегімен жұмыс істейді. Мәселен, Алматының өзінде 5000-нан аса электр қуатымен жүретін көліктер бар екен. Өткен жылы Корея еліне барғанымыздағы сондағы ғалымдардың 2050 жылға қарай сұраныста болатын мамандықтарды оқытып бастап жатқанын көрдік. Жаһанның алға ұмтылысы өте жылдам, демек талап солай болып отыр. Сол секілді, көрші елдердің біразы атом станциясын салуға кірісіп кетті. Оның ішінде Моңғолия, Өзбекстан секілді мемлекеттер, алыстағы Араб әмірліктері мен Египет секілді елдер бар»,-деді.
Бұл жайында штаб мүшесі Руслан Рүстемұлы:
«Мәселен 4,5 грамм уран таблеткасы 100 тонна көмір беретін электр қуатын бере алады. Сонымен қатар, көмірден тарайтын улы газдар әлемдік экологиялық ахуалға кері әсерін беруде. Көмірден шығатын күлдің өзінде бірнеге улы металдар, химиялық элементтер бар. Жаһан елдері 2060 жылға қарай көмірді қолдануды мүлде тоқтатуға бел байлады. Ал біз айтып отырған атом энергиясы «Жасыл энергия» қатарына кіреді. Соңғы шыққан ІІІ+ буыны қолданыста тиімді екенін көрсетіп отыр. Ең басты мәселе - атомға деген фобияда. Бізге тарихтан мәлім атом апаттары станцияның І буындары кезеңінде адами фактор әсерінен болғанын ұмытпаған абзал. ІІІ+ буыны өзінің қорғаныш қабаттарымен, қашықтан басқарылатындығымен өзінің қауіпсіздігін дәлелдеген»,-деді.
Ұжым тарапы атом энергетикасына байланысты толғандырған сауалдарын жолдап, штаб мүшелерімен пікір алмасты.
Сонымен бірге, Халықтық штаб мүшесі Мархабат Жайымбетов Облыстық кәсіподақ ұжымымен кездесті. Басқосуда Атом энергетикасы саласының еліміздегі ахуалы мен оның тиімділігі талқыланды.
Кездесуде штаб мүшесі Мархабат Жайымбетов Атом станцияларының ел әлеуетіндегі маңыздылығына тоқталды.
«Бүгінде атом станциясының құрылысын жүргізуге Корея, Франция, Ресей мен Қытай ниет білдіріп отыр. Біздің ғалымдар атом энергетикасын іске асыруда тәжірибесі мол елдермен жұмыс істеуде. Әлемде ең тиімді атом станцияларының ІІІ+ буыны негізге алынуда. Себебі, бүгінге дейін аталған нұсқа өзінің өміршеңдігін дәлелдеп, тәжірибеден өтті»,-деді.
Жиында кәсіподақ мүшелері атом станциясы құрылысы, кадр әлеуеті және ядролық энергияның әсері жайлы сауалдарын жолдап, ой пікірлерімен бөлісті.