Халықтық штаб мүшелері Қызылорда мен Ақтаудың тұрғындарымен кездесті
АЭС бойынша талқылау өтті
Аймақтық және қалалық Халықтық штаб мүшелері «Қазақстан темір жолы АҚ» Қызылорда магистралдық желі бөлімшесі филиалының ұжымымен және Бейнеуде «Бейнеусусервис» МКК қызметкерлерімен кездесулер өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесу барысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауы талқыланып, шараға қатысушылардың сұрағына жауап берілді.
Сонымен қатар мемлекет басшысының жалпыхалықтық референдум өткізу бастамасын қолдау мен еліміздегі энергия тапшылығы, энергетикалық тәуелсіздік мәселесінің өзектілігі айтылды.
«Атом электр станциясының құрылысы Қазақстан экономикасы үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Нақтыласақ, энергетикалық және өнеркәсіптік өндірісті дамытуға ықпал етеді, заманауи технологияларды енгізіп, қоршаған ортаға зиянды заттардың шығарындыларын азайту арқылы экологиялық жүктемені азайтады. Айта кетейік, атом электр стансасы 60 жылдан астам уақыт бойы тұрақты энергиямен қамтамасыз етеді», — деді штаб төрағасының орынбасары Ардақ Бораш.
Сонымен бірге, Қазақстанның заманауи экономикасының қалыптасуында теміржол көлігінің маңызы зор. Республиканың орасан зор аумағын, көптеген өндіріс салаларындағы жүк көлемінің ауқымын ескерсек, көліктің бұл түрін мемлекеттігіміздің негізгі тұғыры, еліміздің өндірістік күшін біріктіруші тетік деуге толық негіз бар.
Темір жолшылармен кездескен штаб мүшелері олардың ерен еңбегінің ел экономикасындағы орнын ерекше атап өтті.
«Қазақстан энергетика секторын трансформациялаудың маңызды кезеңінде тұр. Энергетикалық кешенді дамыту бағытын таңдау мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуына айтарлықтай әсер етеді. Ал біздің бүгінде өндіретін электр қуатының 70 пайызы көмір қорына тиесілі. Сондықтан, жасыл энергияға, яғни атом энергетикасын дамытуға көңіл бөлу қажеттілігі туындауда. Сондықтан электр тапшылығын ескере отырып, атом энергиясын пайдалану артық етпейді. Оның үстіне еліміздің оңтүстік өңірлерінде энергия тапшылығы айтарлықтай сезілуде»,- штаб мүшесі, ардагер теміржолшы Ибраким Басықараев деді.
Елде АЭС құрылыс жобасына қатысты әлі де болса екіжақты көзқарас аз емес. Ал сала мамандары, энергетиктер мен ғалымдар АЭС-ті салу елдегі экономиканың дамуы мен әлеуметтік жағдайдың жақсаруына әкелер еді деген пікірді айтып жатыр. Жиында әрбір сауалға жауап берген халықтық штаб өкілдері қазіргі күні экономиканы алға қарай жылжыту үшін бар мәселе электр қуатына байланысты болып тұрғанына ұжым мүшелерінің көзін жеткізді.