Теміртау қаласына жаңа әкім тағайындалды
Қалалық мәслихат депутаттары Ғалым Әшімовтің кандидатурасын қолдады

Ғалым Әшімов Қарағанды облысы Теміртау қаласының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық әкімдіктің сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, оның кандидатурасын президент әкімшілігі мен қалалық мәслихат депутаттары қолдаған. Қаланың жаңа әкімін жергілікті активке облыс әкімі Ермағанбет Бөлекбаев таныстырған.
Ғалым Әшімов 1968 жылы туған. Еңбек жолын 1989 жылы бастаған. Жәйрем тау-кен байыту комбинатында түрлі лауазымдарда жұмыс істеген.
2000 жылдан бастап мемлекеттік қызметте – Қарағанды облысының Жәйрем кентінің әкімі. Содан кейін "Өркен" ЖШС-де директордың жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары, коммерциялық бөлімнің бастығы, логистика жөніндегі директоры, логистика бөлімінің бастығы, "Жәйрем КБК" АҚ президентінің логистика жөніндегі көмекшісі болып жұмыс істеді.
2010 жылдан 2013 жылға дейін Қаражал қаласының әкімі қызметін атқарды, Қарағанды облысы әкімі аппаратының басшысы болды, Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасын, сондай-ақ Қарағанды облысының өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасын басқарды.
2013 жылдан 2015 жылға дейін – Қарағанды облысы әкімінің орынбасары.
2015 жылдан 2020 жылға дейін – Теміртау қаласының әкімі, Қарағанды облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы.
Осы тағайындауға дейін "Имсталькон" АҚ-да жұмыс істеді.