Қазақстанда тамыз ҰБТ-сы басталды

Azattyq Rýhy

ҰБТ-ны өткізудің бірінші күні 5,7 мың адам емтихан тапсырады

Қазақстанда тамыз ҰБТ-сы басталды
Фото: pixabay.com

Бүгін тамыз ҰБТ-сы басталды, ол 15тамызға дейін жалғасады. Тестілеуге қатысу үшін 21 мыңнан астам өтініш қабылданды. Бұл туралы Azattyq Rýhy Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Министрлік мәліметінше, ҰБТ-ға қатысушылардың 66%-ға жуығы қазақ тілінде, 34%-ы орыс тілінде,  69 адам ағылшын тілінде тест тапсыруға ниет білдірді.

«ҰБТ-ны өткізудің бірінші күні 5,7 мың адам емтихан тапсырады.

Тамыздағы ҰБТ белгіленген шекті балл жинай алмаған, бейінді пәндер комбинациясы сәйкес келмейтін ҰБТ нәтижелері бар, ҰБТ нәтижелері жойылған талапкерлердің тестілеуден қайта өтіп, жоо-ға ақылы негізде түсу мүмкіндігі болуы үшін өткізіледі. Тіркелу кезінде тестіленушілер емтихан өткізілетін пунктті, күнді және уақытты өздері таңдады.

Талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады», - делінген хабарламада.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.