Олимпиада-2024: Бірінші жарыс күнінің нәтижелері

Azattyq Rýhy

Әзірге Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 1 қола жүлде бар

Олимпиада-2024: Бірінші жарыс күнінің нәтижелері

Дзюдодан ұлттық құрама көшбасшысы Елдос Сметов (60 кг) Олимпиада чемпионы атанды. Қазақ палуаны Париждегі ойындардың финалында Лука Мхеидземен (Франция) күресіп, қарсыласынан басым түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Пневматикалық винтовкамен 10 метрден нысана көздеуден Қазақстан-1 командасы Париж Олимпиадасының қола жүлдесін ел қоржынына салды.

Академиялық ескек есуден ерлер арасындағы іріктеу сайысында отандасымыз Владислав Яковлев мәреге 5-ші болып жетті. Оның уақыт көрсеткіші – 7:21.56 секунд.

Пневматикалық тапаншамен 10 метрден нысана көздеуден ерлер арасындағы іріктеуде Никита Чирюкин 15-сатыға тұрақтап, финалға шыға алмады.

Пневматикалық тапаншамен 10 метрден нысана көздеуден әйелдер арасындағы іріктеуде Ирина Юнусметова 574 ұпаймен 11-сатыға табан тіреді.

Дзюдошы Әбиба Әбужақынова Париж Олимпиадасының қола жүлдесі үшін белдесуде Тара Бабулфаттан (Швеция) жеңіліп қалды.

Велоспорттан жекелей сындағы уақытқа жарыста ұлттық құрама спортшысы Евгений Федоров 21-сатыдан көрінді. Оның уақыт көрсеткіші – 38:33.98 секунд.

Қазақстандық теннисші Александр Бублик Париж Олимпиадасында Тейлор Фрицке (АҚШ) есе жіберіп, жекелей сынды аяқтады. 

Спорттық гимнастика сайысы бойынша Милад Карими мен Нариман Құрбанов іріктеу кезеңінде өнер көрсетті.

Ат жаттығуында Нариман Құрбанов – 15.000 ұпай (5-орын), Милад Карими – 13,266 ұпай (30-орын) жинады.

Милад Карими еркін жаттығуды 7-орынмен (14.433 ұпай), көпсайысты 15-орынмен (14.433 ұпай) аяқтаса, қос шығыршықта 21-орынға (14.366 ұпай) табан тіреді. Ал шығыршықта 36-орыннан (13.000 ұпай), керме жаттығуында 12.700 ұпаймен 40-орыннан көрінді.

63,5 кг салмақтағы боксшы Мұхаммедсабыр Базарбайұлы алғашқы айналымда Ойер Ибареччеден (Испания) басым түсіп, келесі кезеңге жолдама алды.

Үстел теннисінен Ұлттық құрама көшбасшысы Кирилл Герасименко Париж Олимпиадасындағы бірінші ойында қарсыласын басым түсті. Отандасымыз чилилік атлет Николас Бургосқа еш мүмкіндік бермеді. Есеп 4-0.

Олимпиаданың бірінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 1 қола жүлде бар.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.