Трамп Байденнің шешіміне қатысты пікір білдірді
Бұған дейін Байден сайлауға қатыспайтынын мәлімдеген болатын

АҚШ президенттігіне республикалық кандидат Дональд Трамп бұрынғы демократиялық кандидат, қазіргі американдық көшбасшы Джо Байденнің сайлау жарысынан шығу туралы шешіміне пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy американдық The New York Times газетіне сілтеме жасай отырып.
Трамп өзінің әлеуметтік желідегі жазбасында «Байден президенттік сайлауға қатысуға жарамсыз, әрине, қызметке жарамсыз және ешқашан жарамды болған емес» деп жазды.
Трамп жазбасында Байден өзінің физикалық және психикалық жағдайын жасыру үшін «оның дәрігері мен БАҚ» сюжетін пайдаланғанын меңзеді.
«Біз оның президенттігінен қатты зардап шектік, бірақ біз оның келтірген зиянын тез жоямыз»,-деп қосты Трамп.
Естеріңізге сала кетейік, жексенбіде Байден сайлауалды жарыстан шыққанын мәлімдеді. Қабылданған шешімге қарамастан, ол мерзімінің соңына дейін президент болып қала береді.