Екібастұзда курьерді тонап кеткен екі студент жазаланды
Екеуіне 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды
Екібастұзда курьерді тонап кеткен екі студент жазаланды. Сот жас жігіттердің үш жылға бас бостандығын шектеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сотта белгілі болғандай, жергілікті оқу орындарында білім алып жатқан 19 және 22 жастағы екі студент жеңіл жолмен табыс табуды ойлаған. Олар курьерге хабарласып, электронды шылым жеткізіп беруге тапсырыс түсірген. Ал курьер келген бойда екеуі оған тап беріп, бұрышты газ шашқан. Сөйтіп, оның қоржынындағы жалпы сомасы 400 мың теңге тұратын тауарды алып, тайып тұрған. Дейтұрғанмен полиция көп ұзамай қос батырды қолға түсірді.
«Сотта айыпталушылар бұл қадамға екі достың бірінің қарызын жабу үшін барғандарын жеткізді. Кінәларын толық мойындап, жасаған істеріне өкінетіндерін айтты. Сот барлық жағдайды, соның ішінде тауардың зардап шегушіге толық қайтарылғанын ескере отырып, екеуіне 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады», делінген Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі ұсынған хабарламада.