$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«AMANAT» партиясы мен «Yeni Azərbaycan» партиясы өзара ынтымақтастық орнатты

«AMANAT» пен «Yeni Azərbaycan» өзара тиімді диалогты жалғастыруда

«AMANAT» партиясы мен «Yeni Azərbaycan» партиясы өзара ынтымақтастық орнатты
Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

«AMANAT» партиясы мен «Yeni Azərbaycan» партиясы Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестікті дамыту бойынша бірлесіп жұмыс істеуге ниетті. Баку қаласында «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек пен «Yeni Azərbaycan» партиясы Төрағасының Орынбасары – Орталық аппарат басшысы Тахир Будагов өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы тиісті меморандумға қол қойды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек екі мемлекет арасында дәстүрлі достық қарым-қатынас сақталып келе жатқанына назар аударды. Оның айтуынша, аталған меморандум екі елдегі саяси партиялардың өзара диалогын жандандырып қана қоймай, мемлекетаралық қатынастардың достық пен тату көршілік рухында дамуына серпін береді.

«Yeni Azərbaycan» партиясы Төрағасының Орынбасары – Орталық аппарат басшысы Тахир Будагов екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастың тарихи және мәдени-гуманитарлық аспектісіне тоқталды. Ол «Yeni Azərbaycan» партиясының мемлекеттер арасындағы тату көршілік қатынастарды одан әрі нығайту мақсатында «AMANAT» партиясымен ынтымақтастықты жандандыруға ниетті екенін растады.

Тараптар партиялық құрылыс мәселесі, экономикалық және мәдени-гуманитарлық даму, заң шығару, жастар және гендерлік саясат сынды өзара ынтымақтастықтың бірқатар бағытын айқындады. Сонымен қатар, кездесуге қатысушылар партиялық оқыту мен партия кадрларын даярлауды дамыту саласындағы өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады.

Кездесу соңында тараптар партияаралық диалогты белсенді нығайтуға уағдаласты, сондай-ақ күн тәртібіндегі екіжақты және халықаралық кең ауқымды мәселелер бойынша пікір алмасты.

Сонымен қатар, Дәулет Кәрібек Әзербайжанның жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің рухына тағзым етіп, 1990 жылғы қайғылы оқиға құрбандары жерленген және Таулы Қарабақ үшін болған шайқастарда қаза тапқан бауырластар зираты – «Шаһиттер аллеясындағы» Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.

Серіктес жаңалықтары