Астанада жүргізушілерге Bus lane жолақшасымен жүруге рұқсат етілді
Елордада бірқатар көшеде жөндеу жұмысы жүріп жатыр
Астанада жол жөндеу жұмыстарын жүргізу кезеңіне көлік жүктемесін азайту мақсатында кейбір көшелердегі «Сергек» камераларымен автобус жолақтары бойынша қозғалысты тіркеу уақытша тоқтатылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy елордалық полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қаланың магистральдық көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге, жолдың асфальт жабынын төсеуге және жол белгілерін қоюға байланысты кейбір көшелерде автомобильдердің қозғалысы уақытша шектеледі.
Осыған байланысты көлік жүктемесін төмендету мақсатында осы жылдың 14 маусымы мен 1 шілдесі аралығында Тұран және Қабанбай батыр даңғылдарының бойында, сондай-ақ Сарайшық және Сарыарқа көшелерінде «Сергек» камераларымен автобус жолақтары бойынша қозғалысты тіркеу уақытша тоқтатылды.
«Жүргізушілерден елорда жолдарындағы өзгерістерді ескеруді сұрайды.
Өз қауіпсіздігі үшін тұрғындардан жылдамдық режимін сақтауды және көшелердің жабық учаскелерін қоспағанда, маршруттарын алдын ала жоспарлауды сұрайды», – делінген хабарламада.