Астанада адам тонаған екі оқушы қызға қатысты сот үкімі шықты

Azattyq Rýhy

Үкім заңды күшіне енген жоқ

Астанада адам тонаған екі оқушы қызға қатысты сот үкімі шықты
Фото: istockphoto.com

2024 жылғы 14 маусымда Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім қызды тонады деген айыппен екі оқушы қызға қатысты іс қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сотта К., жәбірленушінің мүлкін ашық түрде тонау мақсатында, адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы жәбірленушіні соққыға жыққаны анықталды. Қылмыстық әрекеттерін жалғастыра келе, К. және Д. жәбірленушінің мүлкін – ұялы телефонын, күміс сақинасые және жемпірін иемденіп, 500 мың теңге сомасында материалдық залал келтірді.

Сотталушылар сотта кінәсін мойындап, жасаған іс-әрекеттеріне өкініп, оларды бас бостандығынан айырмауды сұрады.

Сотталушы К. келтірілген залалды өтемеген, ал сотталушы Д. ішінара өтеген.

Сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп келесілерді таныды:

К-нің кінәсін мойындауы, шын жүректен өкінуі, кәмелетке толмаған жаста қылмыстық құқық бұзушылық жасауы;

Д-нің кінәсін мойындауы, шын жүректен өкінуі, кәмелеттік жасқа толмағаны және келтірілген залалды ерікті түрде ішінара өтеуі.

Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

«Сот үкімімен К. және Д. ҚР ҚК-нің 19-бабы 2-бөлігінің 1,3-тармақтарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот К-нің қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы белсенді рөлін және кәмелеттік жасқа толуын ескере отырып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру; ал сотталушы Д. кәмелеттік жасқа толмағандықтан және залалды өз еркімен өтегендіктен, оған 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады», - делінген сот хабарламасында.

Жәбірленушінің азаматтық талап қоюы қанағаттандырылды, сотталушылардан келтірілген материалдық залал мен моральдық зиян сомасы өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.   

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.