Сара Назарбаева негізін қалаған институт мемлекет меншігіне өтті
Ол енді «Өркен» балалар саламаты ұлттық ғылыми-тәжірибелік институты деп аталады
«Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты» коммерциялық емес АҚ акцияларының мемлекеттік пакеттері мен үлестері республикалық меншікке жатқызылған акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізіміне енді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкімет қаулысында Сара Назарбаева негізін қалаған институттың мемлекет меншігіне өткені туралы жарияланды.
Бұл институт кейінгі 2 жылда жұмыс бағытын өзгертіп, ребрендинг жасаған. «Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты» енді «Өркен» балалар саламаты ұлттық ғылыми-тәжірибелік институты» деп жарияланды.
«Аталған институт 2021 жылы Сара Назарбаева негізін қалаған «Бөбек» қорының жанынан ашылған еді. Институттың негізгі миссиясы «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы арқылы елдің адами әлеуетін дамытуға үлес қосу болды. Ал Қазақстанда «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы 2022 жылы заң жүзінде өз жұмысын тоқтатты», – делінген хабарламада.
Ал «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты балалардың әл-ауқатын қамтамасыз ету жүйесіне жәрдем берумен айналысады. Оның негізі мақсаты – қазақстандық балалардың әл-ауқат деңгейін Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымына мүше елдердің деңгейіне дейін арттыру.
Айта кетерлігі, Сара Назарбаева биыл 83 жасқа толды.