Қытайда коронавирус жұқтырғандардың 93%-дан астамы дертінен айыққан
АҚШ-та өткен тәулікте індеттен 2,1 мыңнан астам адам көз жұмды
Қытайда коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың 93%-дан астамы дертінен айыққан. Қазіргі уақытта бұл елде сырттан келген және жергілікті жерде коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны күн сайын азайып келеді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Қытайда коронавирусты жұқтырғандар саны 82 798-ді құраған, оның 77 207-сі емделіп, ауруханадан шығарылған, бұл сырқаттанғандардың жалпы санының 93,2%-ын құрайды. Ауруханаларда шамамен 1 мың емделуші қалған.
ҚХР Денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі мемлекеттік комитетінің мәліметтері бойынша, коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың 93,2%-ы сауығып, 5,59%-ы қайтыс болған. Мұндай деректер Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабынан алынды.
Ал, АҚШ-та өткен тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 2,1 мыңнан астам адам көз жұмды.
АҚШ-та індет басталғалы COVID-19-ды жұқтырған 46 611 адам қайтыс болған. Бұл елде қауіпті вирусты жұқтырғандардың жалпы саны 840 476-ға жетті. Жақында тағы 27 639 адамның аталған вирусты жұқтырып алғаны белгілі болды.
Қырғызстанда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 631-ге жетті. 2020 жылғы 23 сәуірдегі жағдай бойынша, бұл елде тағы 19 адамның СOVID-19-ды жұқтырғаны белгілі болды. Олардың бесеуі — медицина қызметкерлері.
Жалпы республикада коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 631 адамды құрап отыр, олардың 162-сі — медицина мамандары болса, 12-сі — құқық қорғау органдарының қызметкерлері. Жалпы вирустың кесірінен сегіз адам көз жұмып, 302 адам емделіп шыққан.
Соңғы мәлімет бойынша, әлемде COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны 2,6 млн адамнан асты, 184 мыңнан астам адам көз жұмып, 700 мыңнан астам науқас жазылып шықты.