Еліміздегі ақылы жолдар арқылы гуманитарлық жүкті тасу үшін 40-тан астам өтінім келіп түсті
Ақылы жолдар 2024 жылдың 24 сәуірінен бастап 5 мамырға дейін тегін болады
2024 жылғы 24 сәуірден бастап су тасқынынан зардап шеккен облыстарға гуманитарлық көмекті жеткізетін жеке және заңды тұлғаларға ақылы жолдар тегін болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ҚазАвтоЖолға сілтеме жасап.
«Бүгінгі таңда жүргізушілер мен еріктілерден 40-тан астам өтінім келіп түсті. Гуманитарлық көмектің көбісі еліміздің батыс және солтүстік өңірлеріне бағытталған. Шымкент, Алматы, Өскемен, Орал, Түркістан және Астана қалаларынан келіп түскен негізгі өтінімдер «Шымкент-Құлсары», «Шу-Петропавл», «Алматы-Орал», «Талдықорған-Петропавл», «Өскемен-Петропавл», «Астана-Петропавл» бағыттары арқылы жеткізіліп жатыр», - делінген хабарламада.
Жүргізушілер аймақтарға азық-түлік, киім-кешек, киіз үйлермен және басқа да қажетті заттарды жеткізуде.
Ақылы жолдар 2024 жылдың 24 сәуірінен бастап 5 мамырға дейін тегін болады.
Ақылы жолдарда тегін жүру мүмкіндігін пайдалану үшін көлік жүргізушілері 1403 байланыс орталығына хабарласып, өтінім қалдыруы қажет. Өтінім берген кезде көлік құралының мемлекеттік тіркеу нөмірін және жоспарланған бағытты көрсету керек.