$ 504.34  556.34  5.97
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Айкөркемнің өлімі: әскери қызметкерге шығарылған сот үкімі өзгерді

Әскери қызметші Ж.-ға қатысты қылмыстық іс қайта қаралды

Айкөркемнің өлімі: әскери қызметкерге шығарылған сот үкімі өзгерді
Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев

ҚР Әскери сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қару қолдану арқылы билікті асыра пайдалану бойынша айыпталған әскери қызметші Ж.-ға қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіпте қайта қарады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бұған дейін бірінші сатыдағы сот әскери қызметшінің іс-әрекетінде қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты оны ақтаған.

Жоғарғы соттан хабарлағандай, қылмыстық іс жабық сот отырысында «құпия» белгісімен қаралған. Апелляциялық сот алқасы жәбірленуші тараптың шағымдары мен прокурордың наразылығы негізінде істі қайта қарады.

«Сот алқасымен анықталғаны: 2022 жылғы 7 қаңтарда сағат 19.30 шамасында, сотталушы Ж. блок-бекетте бола тұра, өз қарамағындағы әскери қызметшілерге блок-бекетке жақындап келе жатқан автокөлікке оқ ату туралы заңсыз бұйрық берген. Соның салдарынан, алған оқ жарақатынан жас бала (2017 ж.т. А. Мелдехан) қайтыс болып, ал кәмелетке толмағанға (2006 ж.т. Ж. Мелдехан) 5 оқ жарақатынан денсаулығына ауыр зиян келтірілген», - делінген Жоғарғы сот хабарламасында.

Сотталушының кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдемелермен, яғни жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен және заттай дәлелдемелерімен дәлелденді.

«ҚР Әскери сотының сот алқасы ақтау үкімінің күшін жойып, жаңа айыптау үкімін шығарды, соған сәйкес ҚК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша Ж. кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айырылып, 7 жылға сотталды», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар сот алқасы ҚР Қорғаныс министрінің атына әскери қызметшілердің жол берген заңбұзушылықтары, сондай-ақ оларды жою және одан әрі болдырмау жөнінде шаралар қабылдау үшін қылмыс жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайлар туралы жекеше қаулы шығарды.

Апелляциялық үкім заңды күшіне енді.

Еске салайық, қайғылы оқиға 2022 жылдың 7 қаңтарында кешкі сағат 19.00 шамасында кішкентай Айкөркем отбасымен бірге азық-түлік сатып алуға кетіп бара жатқанда болған еді. Алматы қаласының Сейфуллин-Сәтбаев қиылысында олардың көлігіне оқ жауған. Төрт жасар қыз басына оқ тиіп, оқиға орнында қаза болған, оның 15 жастағы әпкесі мен 18 жастағы ағасы жарақат алғанымен, аман қалды.

Алайда Айкөркемге оқ атқан әскери қызметкер Арман Жұман өткен жылдың қараша айында Алматы гарнизоны әскери сотының үкімімен ақталып шыққан болатын.

Серіктес жаңалықтары