Қызылорда облысында прокурорлар екі айда 40 млн теңге алимент өндірді
43 жалғызбасты аналардың арызы қанағаттандырылды
Қызылорда облысының прокурорлары екі айда 40 млн теңге алимент өндірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлағандай, биыл алимент өндіру бағытында бірқатар жұмыстар атқарды
Прокуратура органдары Әділет департаментіне және Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына 10 заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсыну енгізілді.
«Нәтижесімен биыл екі айда 43 жалғызбасты аналардың пайдасына 40 млн теңге алименттен берешек өндірілді, 64 қаскөй борышкер уақытылы алимент төлемегені үшін ӘҚБтК-нің 669-бабымен әкімшілік жауаптылыққа тартылды, 21 жеке сот орындаушы алиментті мәжбүрлеп өндіру кезінде өз міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін тәртіптік жауапкершілік көрілді», - делінген прокуратутра хабарламасында,
Прокуратураның бастамасымен алимент төлеуден жалтарып жүрген 9 борышкерге қатысты ҚК-тің 139-бабымен қылмыстық іс тіркелді, оның 4-уі қылмыстық жауаптылыққа, қалғандары бойынша тергеу жүргізілуде.
«Мысалы, борышкер Н.Н. өндіріп алушы Ж.А-ның пайдасына 2,9 млн теңге алименттен берешегін төлеу үшін жұмыссыз ретінде тіркелмей, өзінің жалдамалы жұмыстардан тапқан табысын жасырып, алимент төлеуден жалтарған. Осыған орай Қармақшы ауданының прокуратурасымен Н.Н-ке қатысты ҚК-тің 139-бабымен қылмыстық іс тіркелді, соттың 06.03.2024ж. үкімімен Н.Н. кінәлі деп танылып, 1 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ биыл прокуратураның бастамасымен уәкілетті органдардың қатысуында ведомствоаралық мәжіліс өткізіліп, онда әділет және полиция органдарының, жеке сот орындаушылар өңірлік палатасының басшыларына жүйелі түрде рейдтік іс шаралар жүргізу, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастыру, алимент санатындағы атқарушылық өндірістерді ерекше бақылауға алу, қаскөй борышкерлерді қылмыстық жауаптылыққа тарту жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Орындалу жағдайын облыс прокуратурасында тоқсан сайын қарау белгіленді.
Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр.