Астана маңындағы 45 елдімекеннің әрқайсына экономикалық ерекшелік беру қажет – Бектенов

Темірхан Айжан

Ұсынылып отырған кешенді жоспар осы бағыттағы негізгі бағдарламалық құжат болмақ

Астана маңындағы 45 елдімекеннің әрқайсына экономикалық ерекшелік беру қажет – Бектенов
Фото: primeminister.kz

Үкімет Астана агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Премьер-министр қалаға жақын маңдағы елдімекендерде халық санының күрт өсуі мен елордаға күнделікті келіп-кететін адамдардың легі агломерацияның негізгі проблемасы екенін атап өтті. 

Бұл Астана қаласының инфрақұрылымы мен экологиясына және қауіпсіздігіне түсетін жүктемені едәуір арттырып отыр.

«Адамдар елордаға жақын маңда тұрғысы келеді. Оны түсінуге болады. Алайда мұндай көші-қон еңбек нарығына әсерін тигізеді, облыста жұмыссыздықтың өсуіне ықпал етеді. Сондықтан аталған проблемаларды шешу үшін ауқымды жұмыс жасауға тура келеді. Ұсынылып отырған Кешенді жоспар осы бағыттағы негізгі бағдарламалық құжат болады», - деді Үкімет басшысы.

Бектенов кешенді жоспар іске асу барысында қала маңындағы ауылдарды сумен қамтамасыз ету, су бұру, электрмен жабдықтау, жолдардың жай-күйі сияқты проблемалар шешімін табуға тиіс екенін айтты.

Сонымен қатар ол елорда іргесіндегі ауылдарда тұрақты жұмыс орындарын ашу қажеттігін атап өтті.

«Астана қаласы агломерацияның өзегі ретінде іргелес жатқан аумақтардың орнықты дамуына негіз болады. Бұл елорда мен оған жақын маңдағы елдімекендердің тұрмыс деңгейінің арасындағы теңгерімсіздікті азайтуға мүмкіндік береді. Кешенді жоспарды іске асыру кезінде көлік-коммуникация, сауда-логистика, инженерлік-коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымның біртұтас кешенін құру үшін инвестициялар тартуға қолайлы жағдай жасау керек. Агломерацияның негізгі мақсаты да осы болуға тиіс», - деді ол.

Премьер-министрдің айтуынша, 45 ауылдық елдімекеннің әрқайсына өзіндік экономикалық ерекшелік беру қажет.

«Сол кезде ауылдармен қатар, Астана қаласы да мал және өсімдік шаруашылығының, құрылыс индустриясының, сондай-ақ басқа да салалардың қажетті өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз етуге қол жеткізе алады. Әлі күнге дейін елорда айналасында азық-түлік белдеуін құру мәселесі толығымен шешілген жоқ. Оны мойындау керек. Оны осы елдімекендерде жасауға болады. Жалпы, барлық іс-шараларды жауапты әрі сапалы іске асыру елорда мен қала маңындағы аймақтардың экономикалық даму тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді»,- деді Олжас Бектенов.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.