Министр орман күзеті саласының қандай қызметкерлеріне үстемақы төленетінін айтты
Қаулы жобасы Үкіметке енгізіледі
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Мәжілістегі Үкімет сағатында орман күзеті қызметкерлерінің жалақысы жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«2023 жылғы 1 шілдеден бастап әлеуметтік мәселені шешу аясында мемлекеттік орман күзеті қызметінің қызметкерлеріне лауазымдық жалақының 100% мөлшерінде қосымша ақы белгіленді. (12 876 штаттық қызметкер: мемлекеттік орман күзеті қызметі, табиғат қорғау мекемелерінің мемлекеттік инспекторлары, жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мамандандырылған ұйымның инспекторлары)» - деді министр.
Ол атағандай, қалған қызметкерлерге штатқа кіретін әкімшілік қызметшілерге (экономистер, бухгалтерлер және т.б.) және штаттан тыс қызметкерлерге (орман өрт сөндіру станцияларының қызметкерлері: тракторшылар, жүргізушілер, орман өрт сөндірушілері, мұнара бақылаушылары, радио операторлары) министрлік пен кәсіподақ арасындағы келісім аясында 75% үстемеақы қарастырылған.
«Министрлік жалақыны көтеру бойынша жүйелі шаралар қабылдау үшін орман өрт сөндіру станцияларының барлық қызметкерлеріне, оның ішінде уақытша қызметкерлерге қосымша ақы төлеу бойынша Үкімет қаулысының жобасын әзірледі. Қаулы жобасы уәкілетті органдармен (Әділетмині, ҰЭМ, Еңбекмині) алдын ала келісілген.Қаулы жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен келісу рәсімдері аяқталғаннан кейін және РБК оң қорытындысын алғаннан кейін Үкіметке енгізілетін болады»,- деді ол.