«Бұрынғы бейшара күйінде қалып отыр»: сенатор өңірдегі жекеменшік телеарналардың проблемасын көтерді

Аягөз Құрмаш

Ол телеарналар дамымаса идеология болмайтынын жеткізді

«Бұрынғы бейшара күйінде қалып отыр»: сенатор өңірдегі жекеменшік телеарналардың проблемасын көтерді
Фотоколлаж Azattyq Rýhy

Сенаттың жалпы отырысында депутат Бибігүл Жексенбай өзінің депутаттық сауалында қазақша контентті айтып, телевизия саласында күрделенген мәселені көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Республикалық телеарналарға балама іздеген көрермен Қазақстанмен шекаралас елдердің телеарналарына телміріп, жат елдің идеологиясын санасына сіңіруде. Бір өкініштісі, Отау ТВ арқылы отандық телеарналарымыз өзге елге хабар таратуына шектеу болғанымен, тәуелсіздік жылдарында біз алыс жақын шетелдің бұқаралық ақпарат құралының Қазақстан аумағына таралуына кең мүмкіндік бердік. «Сұр» тарелкалар арқылы көрші елдің идеологиясы жерімізге еркін тарап, жас ұрпақтың санасын улап жатқанын, тіпті елге іріткі салатын жәйттерге әкеліп жатқанын көріп отырмыз», - деді ол.

Депутаттың айтуынша, қазір цифрлық эфирлік теледидар Қазақстан халқының 92,66 пайызына қолжетімді екен.

«Алайда, еліміз цифрлық хабар таратуға көшкенімен өңірлердегі жекеменшік телеарналар бұрынғы бейшара күйінде қалып отыр. Ақпарат тарататын телеарна дамымаса, идеология да болмайды. Идеология дегеніміз тек Астана, Алматыда ғана емес, күллі өңірде жүргізіліп, халықтың көкейіндегі мәселе ашық айтылып, қарапайым қарашаның мұң-мұқтажы, сол жерде тұратын халықтың шынайы өмір сүру деңгейі көрініс табуы тиіс. «Жеңіске тек рухтың күштілігімен ғана жетуге болады» деген Бауыржан Момышұлы. Біз еліміздің қорғаныс саласына қыруар қаражат бөлеміз. Ал ақпараттық қауіпсіздік мәселесі шешілмеген жерде, қорғанысқа қанша қаражат бөлсек те, оның тиімділігі төмен. Күн сайын ғаламтордан ағылған жалған ақпарға тосқауыл бола алатын тек дәстүрлі медиа. Ал олардың негізгі табыс көзі жарнама азайып, оның өзі жалған ақпарат таратушыларға кетіп жатқанда, мемлекеттік қолдау аса қажет», - деді сенатор.

Депутат үкіметке өңірлік, әсіресе шекаралық аумақтарда ақпараттық қауіпсіздіктікті күшейтіп, жергілікті отандық контентті көбейту үшін бірқатар ұсыныс айтты:

  • өңірлердегі жеке телеарналар өгейдің күйін кешпей, бәсекелестік күресте күш-қуатын арттыруына жан-жақты қолдауды қарастыру. Материалдық - техникалық жабдықталуына, мамандардың кәсіби біліктілігін жетілдіруге арнайы бағдарламалар қарастыру. 
  • мультиплекске шекаралық аймақтардағы жеке меншік телеарналардың да қосылуына жағдай жасап, баға саясатын реттеуге көңіл бөлу.
  • шекаралас елдердегі қандастарымыздың Қазақстан хабарларын көруге спутниктік таралым мүмкіндігін кеңейтуді қарастыру.
  • мемлекеттік саясаттың басым бағыттары, патриоттық, рухани-адамгершілікке тәрбиелеу, отбасылық құндылықтар және салауатты өмір салтын қолдау, ұлтаралық бірлікті нығайту, т.б. бағыттар бойынша әлеуметтік маңызы бар жобаны іске асыруда өңірлік телеарналарға арнайы гранттар беріп, жергілікті БАҚты субсидиялауды қарастырған жөн.
  • өңірлік, әсіресе шекаралас аймақтардағы дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары үшін салықтық жеңілдіктер қарастыру керек.
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.