Тоқаев Астанада түркі мемлекеттерінің Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының 3-ші отырысын өткізуді ұсынды
Ол қазір халықаралық ахуал тұрақсыз екенін айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммитінде түркі елдерінің қауіпсіздік кеңесін өткізуді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Бесінші басымдық – сенім (Trust). Қазір аумалы-төкпелі заман болып тұр. Халықаралық ахуал да тұрақсыз. Осындай алмағайып кезеңде түркі жұртының бірлігін бекемдей түсу аса маңызды. Бұл – ортақ қауіпсіздігіміздің сенімді кепілі. Қару-жарақ және Есірткі саудасына, терроризм мен экстремизмге, көші-қонға қатысты сын-қатерлер көбейді. Мұндай қауіптердің алдын алу үшін қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуымыз керек», - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының 3-ші отырысын өткізуді ұсынды.
«Осы орайда мен келер жылы Астанада мемлекеттеріміздің Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының 3-ші отырысын өткізуді ұсынамын. Түркі мемлекеттерінің қаржылық тергеу органдары арасында қылмыспен бірге күресу және ақпарат алмасу туралы келісім жасау маңызды», - деді ол.