Махса Амини өлімінен кейінгі бір жыл: Иранда тағы жүздеген адам ұсталды
Жергілікті қауіпсіздік органдары хабарлағандай, 24 сағат ішінде 260 адам ұсталған
Иран билігі күрд қызы Махса Амини өлімінің бір жылдығында 260-тан астам адамды қамауға алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Deutsche Welle басылымының жазуынша, жексенбі күні наразылықтың жаңа өршуіне жол бермеуге тырысқан ел билігі репрессия жасауға көшкен. Жергілікті қауіпсіздік органдары хабарлағандай, 24 сағат ішінде 260 адам ұсталған.
Қауіпсіздік органдары ұсталғандарға қатысты «қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, елді шеруге шығуға үндеу және қару ұстау» әрекеттерін жасады деп пікір білдірді.
Айта кетсек, полиция қолынан қаза тапқан бойжеткен Махса Амини өлімінің бір жылдығы қарсаңында Иран билігі наразылық шеруінің алдын алу үшін қатаң қауіпсіздік шараларын қабылдады. Құқық қорғаушылардың хабарлауынша, Иранның батысындағы Секкез қаласында қыздың отбасы тұратын үйдің жанында көптеген полиция қызметкері қойылған.
Махсаның әкесі Амджад Амини 16 қыркүйекте кешке қызын еске алу үшін қаралы шара өткізілетінін мәлімдеген. Ирандық БАҚ хабарлауынша, кейін ер адам полиция бөліміне шақыртылып, оған ескерту жасалған, артынша еркіндікке жіберілген.
15 қыркүйекте Еуроодақ, АҚШ және Ұлыбритания наразылық шерулерін басып-жаншығаны үшін Иранға қарсы жаңа санкциялар енгізді. Ислам Республикасының Сыртқы істер министрлігі бұл әрекеттерді «заңсыз және дипломатияға сай емес» деп атады.
Еске салсақ, 2022 жылдың 16 қыркүйегінде моральдық полиция орамал тақпады деген айыппен Махса Амини есімді бойжеткенді ұстаған, артынша қыздың қайтыс болғаны хабарланды. Оның отбасы Махса полицияның қатыгездігінен қайтыс болғанын мәлімдеді, ал ресми Тегеран бұл мәлімдемені жоққа шығарды.
Аминидің өлімі бүкіл Иранда «Әйел, өмір, бостандық!» ұранымен жаппай наразылық тудырды. Тәртіпсіздік көптеген айға ұласты. Үкіметтік емес ұйымдардың мәліметінше, наразылықтар кезінде 550-ден астам адам қаза тауып, жеті ер адам өлім жазасына кесілген.