Ливияда табиғи апаттан кейінгі лас судан балалар жаппай уланып жатыр

БҰҰ-ның елдегі кеңсесі қаза тапқандар саны 11,300-ден асқанын мәлімдеді

Ливияда табиғи апаттан кейінгі лас судан балалар жаппай уланып жатыр
Фото: Hamza Al Ahmar / Anadolu Agency

Ливияда су тасқынынан туындаған судың ластануы салдарынан кем дегенде 150 бала уланып қалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Al Jazeera телеарнасының хабарлауынша, бұл туралы Ливия ұлттық бірлігі үкіметінің қоршаған ортаны қорғау министрі Ибрагим Мунир мәлім етті.

«Су деңгейі көтерілгеннен кейін Дерна қаласындағы құдықтарға ластанды», - деді ол.

Лас судан уланған балалар саны 150-ге жетті», - деді министр.

Оның айтуынша, билік зардап шеккен аудандардың тұрғындарын құдықтағы суды ішпеуге шақырған.

«Дернадағы апат бұрын-соңды болмаған және ахуалды реттеуге біздің мүмкіндігіміз жоқ. Біз әлем елдерін жедел түрде көмек көрсетуге шақырамыз», - деген министр күш-жігерді ауыз су мен көлікке қатысты мәселелерді шешуге жұмылдыру керек екенін мәлімдеді.

Денсаулық сақтау органдары Дернада аурудың таралуын болдырмас үшін дезинфекция жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Дернадағы су тасқынынан қаза тапқандар жерленген зират / Yousef Murad/AP

ДДСҰ адамдар жаппай жерленген қорымдар маңындағы су қоймаларының ластану қаупі бар екенін ескертеді.

БҰҰ мәліметі бойынша 10 мыңнан астам із-түзсіз жоғалып кеткен, оларды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Ұлттық бірлік үкіметі Дернадағы су тасқынынан 3,252 адам қаза тапқанын айтса, БҰҰ-ның елдегі кеңсесі қаза тапқандар саны 11,300-ден асқанын мәлімдеді.

Бұған дейін қала әкімі мерт болғандар саны 20 мыңнан асуы мүмкін екенін айтқан болатын.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.