Шымкентте «Мемлекеттік тіл - менің тілім» форумы өтті
Шара «Қазақстан халқы тілдері күні» мерекесіне орай ұйымдастырылды
Шымкентте «Мемлекеттік тіл - менің тілім» форумы өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Елімізде «Қазақстан халқы тілдері күні» мерекесі 5 қыркүйекте тойланып келеді. Оның өзіндік себебі де бар. Бұл күн – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» – деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.
Сондықтан қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде Тіл мерекесі тойланады. Мемлекеттік тіл – елдіктің белгісі. Әрбір елдің қастерлі де қасиетті байлығы болғандықтан – ол азаматтық патриотизм, мәдени тұтастық және түрлі эстностарды бауырына басқан еліміздегі ынтымақтастықты нығайтудағы басты құрал.
Тіл – ұлттың аса ұлы игілігі, әрі оның ажырамас белгісі. Еліміз егемендік алып, ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болғаннан бері қолданыс өрісі кеңейе түсті. Белгілі бір тілдің мемлекеттік мәртебеге ие болуы оңай міндет емес, себебі сол мемлекет иесі болып отырған халықтың мүддесінен шығып, барлық саладағы мұқтаждықты өтей алатын дәрежеде болуы шарт. Демек тіліміз – өнер, әдебиет, мәдениетте, баспасөз, дипломатиялық қарым-қатынас, ғылым, өндіріс, ресми іс-қағаздарда қызмет ететін қоғамның қажетті құралына айналуы қажет.
Мереке аясында осы тақырыптарда ой қозғаған Қаратау дәстүрлі өнер мектебінде «Мемлекеттік тіл — менің тілім» атты форум өтті. Жиынға Шымкент қаласы мәдениет және тілдерді дамыту, архивтер басқармасының басшысы Сәкен Шәкеев қатысып, мерекемен құттықтады. Сондай-ақ қаламызда қазақ тілінің дамуына ат салысып, республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болған бірқатар жастарды марапатталып, оларға сый-сияпат табысталды.
Шымкент қалалық Тілдерді оқыту әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткен форумда ақын, жазушы, аудармашы Абай Қалшабек, Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапхана директоры, айтыскер ақын Анар Жаппарқұлова, ОҚМА әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты басқармасының басшысы Ербол Сәлім баяндама жасады.
Баяндамада қазақ тілінің қолданыс аясына, грамматикасына, терминологиялық сөздердің аудармасына қатысты орынды пікірлер мен ұсыныстар айтылды.
«Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде жастардың хат алмасуда қолданатын қысқа жазбалары грамматикалық сауатсыздыққа алып келіп жатыр. Бұл – үлкен мәселе. Осындай ауқымды дүниелерге қолды сілтеп, құр қалдыруға болмайды. Жастарымызға сөздің қадірін, ана тілінің қасиетін жиі насихаттауымыз керек», – дейді Анар Жаппарқұлова.
Форум соңында Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің оқушылары тіл туралы өлеңдер оқып, ән шырқады. Айта кетейік, биыл ағартушы ұстаз Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 151 жыл толды.