Мемлекетке құны 1,6 млрд теңге тұратын орман қорының учаскесі қайтарылды
Учаске 2018 жылдан бастап көзделген мақсатта пайдаланбаған, жалдау ақысы төленбеген
Ақмола облысы Ақкөл ауданының прокуратурасы жалпы ауданы 264 га сауықтыру, туристік және спорттық мақсаттар үшін ұзақ мерзімге пайдалануға берілген орман қорының учаскесін мемлекетке қайтарды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Учаске 2018 жылдан бастап көзделген мақсатта пайдаланбаған, жалдау ақысы төленбеген.
Сонымен қатар, орман өрттері қаупінің жоғары дәрежесіне қарамастан, олардың алдын алу бойынша іс-шаралар жүргізбей, өртке қарсы жоспарлар әзірлемеген.
«Жоғарыда аталған мән-жайлар аудан прокуратурасының актісі бойынша уәкілетті органмен сотқа жүгінуге негіз болды. Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен ұзақ мерзімді орман пайдалану шарты бұзылып, жалпы құны 1,6 млрд теңге болатын учаске мемлекет меншігіне қайтарылды», - делінген хабарламада.