«Биыл 6 млрд теңге бөлінген»: Жамаубаев «Семей орманы» резерватына қомақты қаржы қарастырылғанын айтты
Қаржының игерілмеу себебін арнайы комиссия анықтайды

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «Семей орманы» резерватына бөлінетін қаражат туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Қаржының игерілмеуі барлық салада тіркеліп жатыр. Бұл жерде арнайы комиссия анықтауы керек. Жан-жақты қарауы керек. Неге игерілмеді? Неге техника жетіспеді? Себебі, тек қана «Семей орманы» резерватының өзіне биыл 6 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылған болатын. Қазір оны сараптау керек. Неге ол қаржы дер кезінде жетпеді? Қандай кемшіліктер болды? Оны комиссия анықтайды», - деді Жамаубаев.
Ол атағандай, орман өрті тек Қазақстанда ғана емес, әлем бойынша болады.
«Былтыр Түркияда өрт болып, дүниежүзінен көмек көрсетілді. Бар мүмкіндік жасалып жатыр. Бізге неге өзге елдер көмектеспей жатыр деген сұраққа жауап бере алмаймын. Онымен құзырлы орган айналысуы керек. Шығын да өрт аяқталған соң белгілі болады. Қажет болған жағдайда, Үкіметтің резерві мен жергілікті атқарушы органдардың резерві бар», - деді Жамаубаев.