Астанада энергетикалық орталық жоба құнын 2 млрд теңгеге қымбаттатқан
Жоба құны 5,9 млрд теңгеден 4 млрд теңгеге дейін төмендеді
Қаржы мониторингі агенттігінің елордалық департаменті қызметкерлері «Астана қаласының энергетикалық орталығында апаттық автоматиканы жаңғырту» жобасының сметалық құнын асыра бағалауды анықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ведомство мәліметінше, жұмыс жобасы «Астана-РЭК» АҚ-нан «Мемсараптама» Шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына оң қорытынды алу үшін жіберілгені анықталды.
«Жұмыс жобасын талдау барысында жобалаушы құжаттаманы құрастыру кезінде еншілес компаниялардың баға ұсыныстарын жоғары бағаланған құнымен қолданғаны анықталды. Өз кезегінде департамент «Мемсараптама» РМК-ға әлеуетті жеткізушілерден, Қазақстанның өндірушілерінен құны ең төмен жабдыққа баламалы баға ұсыныстарын жолдады», - делінген хабарламада.
Дер кезінде анықталған факті нәтижесінде жоба құны 5,9 млрд теңгеден 4 млрд теңгеге дейін төмендеді.
Энергия өндіруші немесе тасымалдаушы кәсіпорындардың жұмыстары мен қызметтерінің құнын негізсіз асыра бағалау соңғы тұтынушылар үшін электр энергиясының тарифтеріне кері әсерін тигізетінін атап өткен жөн.