Елордада елдімекендер жақында жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылады
Астананың айналасында 16 елдімекен және 1 саяжай алабы бар
Елордада елдімекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жұмысы жүріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy елода әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының өз Жолдаулары мен тапсырмаларында интернет сапасы туралы бірнеше рет көтергені белгілі. Осы мақсатта Астана қаласының әкімдігі, Цифрлық даму министрлігі, байланыс операторларымен бірлесе отырып, байланыс пен интернет сапасын арттыру бойынша тұрақты түрде жұмыстар жүргізіп келеді.
Бүгінгі таңда елорданың әрбір тұрғынын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жұмысы жүріп жатыр. Әкімдік өкілдері мәлім еткендей, негізінен проблемалы аймақтар мен елдімекендерге көңіл бөлінеді.
«Елордада 16 елдімекен және 1 саяжай алабы бар. Мұндағы мәселе – елдімекендерде кабельдік кәріздің болмауы. Өткен жылы әкімдік электр желілері арқылы талшықты-оптикалық байланыс желілерін (ТОБЖ) төсеу туралы шешім қабылдады. «Астана-АЭК» АҚ-мен бірлесіп инвесторлардың толық қаржыландыру есебінен елорданың елді мекендерінде электр беру және жарықтандыру тіректері бойынша оптикалық байланыс желілерін жүргізу мәселесі пысықталды.
Елдімекендерде ТОБЖ салуға дайын инвесторларды іздеуді бастадық. Бүгінде тұрғын алап тұрғындарына талшықты-оптикалық байланыс желілері арқылы жоғары жылдамдықты интернет және цифрлық теледидар қызметтері ұсынылады», - дейді әкімдік өкілдері.
Инвесторлар жарықтандыру тіректері мен электр желілері арқылы өтетін заманауи GPON технологиясын қолданады.
Айта кету керек, инвестицияның жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеден асады.