$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

СҚО-да су тасқынының қаупі күшейді

Соңғы тәулікте 300-ден астам шақырту түскен

СҚО-да су тасқынының қаупі күшейді

Петропавлда еріген қар суы жер үйлерге кіріп, тұрғындар мен әкімдік өкілдерін әбігерге салды. Әсіресе «Ойқала», «Береке», «Солнечный» аудандары мен Жұмысшы кентінде тасқын қаупі басым. Коммунылдық қызмет мамандары мен құтқарушылар күшейтілген режимде жұмыс істеуде. 3 мектепте эвакуациялық пункт ашылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Коммуналдық мекемелер күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Соңғы тәулікте 300-ден астам шақырту түскен. Тұрғындардың бірі қора-қопсыға су кіргенін айтса, екіншілері ауласы шалшыққа айналғанын айтып шағымдануда.

Людмила Луцекноның жағдайы тіпті күрделі. Ол үйінің іші 1,5 сағатта көлге айналғанын айтады. Арнайы техника тазалағанымен, сырттағы су еңісте тұрған үйге қайта ағып жатыр. 

«Әкімдік өкілдері қыс бойы «қарды жол жиегіне төгіңдер» деп айтты. Біз солай жасадық. Бірақ ақ ұлпа шығарылған жоқ. Соңы не болды? Кеше де жауапты мекемелерге бірнеше мәрте хабарластық. Техника дер кезінде келмеді. Іштегі суды сорып кетті. Біз қанша өтінсек те, сырттағы шалшыққа тиіскен жоқ. Салдарынан бүгін үй қайтадан суға толды. Осы жерде түнеп шықтық. Үйде қонақта немерелерім болған. Алдыңғы күн бәрін үйлеріне жібергеніме қуандым. Жерде тұрған заттарды жоғары қойып үлгердік. Баспананы қалай жөндейтінімізді  білмеймін. Еденнің бәрі шіритін болды. Ал қабырға гипсокартонмен қапталған. Жүйкем сыр беріп, өзім ауырып қалдым. Қалай жедел-жәрдем қызметін шақыратынымды да білмеймін»,- дейді Жұмысшы кентінің тұрғыны Людмила Луценко.

Биыл теріскейде күн күрт жылынды. Қар ерігенімен, 1,9 метр тереңдікке дейін қатып қалған жердің беті жібіп үлгерген жоқ. Сондықтан қар суы топыраққа сіңбей жатыр.

Күн жылынып, қар көбесі сөгілсе болды Александр Скачковтың баспанасын су басатын. Жағдай биыл да қайталанды. Қазір осы маңда арнайы техника су сору жұмыстарымен айналысып жатыр. Күндіз-түні атқарылған шаруалардың арқасында қауіп біршама сейілді.

«Кеше күндіз қар суы 30-40 сантиметрге дейін көтеріліп, бірнеше бөлмелерге жайылды. Тіпті аулада аяқ алып жүру қиындап кеткен еді. Қазір жағдай реттелді», - дейді қала тұрғыны Александр Скачков.

АРЫҚТАР ҚОҚЫСҚА ТОЛЫП ТҰР

Көшеде арық бар. Бірақ пайда жоқ. Қыс бойы жиналған қоқыс пен мұз қатып қалған. Салдарынан еріген қар суы үйлерге кіріп жатыр. Коммуналдық қызметшілер қатып қалған суағарларды ыстық бу жіберу арқылы тазартып жатыр. Жұмыс әсіресе шеткі аудандарда қызған.

«Арықтардан шыны бөтелкелер, қағаз, ағаш, пакеттерге дейін шығуда. Әрең дегенде тазартып алып жатырмыз. Тұрғындар өз аумағын қоқысқа толтырмай ұстауы керек қой», - дейді коммуналдық мекеменің қызметкері Арман Есергепов

Қаладағы су сору жұмыстарына 48 техникамен 100-ге тарта адам жұмылдырылды. 25-ші наурыздан бері жеке секторлардан 45 мың текше метрден астам су шығарылды. Ал қалада үш білім ошағында эвакуациялық пункт әзірленді.

«Диспетчерлік орталыққа 300-ден аса өтініш келіп түсті. Тұрғындардың барлығы жолдағы суды, ауладағы суды және сарайдағы суды сорып алу бойынша хабарласып жатыр. «Жұмысшы кентінде» орналасқан 5-6 үйге су кірді. Коммуналдық қызметтер барынша жұмыс істеп жатыр», - дейді Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Эльмира Сәдуақасова.

Кей көшелерде жол ми батпаққа айналды. Техника қозғалысы қиындап, жүк көліктеріне дейін батып жатыр.

СЕРГЕЕВ СУ ҚОЙМАСЫ 70 ПАЙЫЗҒА ТОЛДЫ

Мамандар мәліметінше, Сергеев су қоймасы 70 проценке толды. NASA спутниктерінің суреттерінің деректері бойынша есептеген «Қазгидромет» облыс аумағындағы қардың 2 пайызы ғана ерігенін айтып отыр.

«Тайынша және Ақжар аудандарында қар көп. Сергеев су қоймасына ағатын ылғал қорының көлемі орташа көпжылдық нормадан 2,4 есеге немесе 139 пайызға асады (факт 8182 млн.м3, норма 3422 млн. м3). Есіл өзені бойынша Сергеев су қоймасындағы су көлемі ұлғайып жатыр. (Тоқсан би және Иманбурлық өзендері - Соколовка ауылдарының жармалары бойынша) 4-6 млн.м3 көлемінде. Қардың жылдам еруі, судың пайда болуы және мұз жабынның жұқаруы байқалады. Ақмола облысының салаларында су деңгейі қарқынды өсіп жатыр. (тәулігіне 24 см-ге дейін), ал Солтүстік Қазақстан облысында айтарлықтай көтерілу байқалмайды (3 см-ге дейін). 29-31 наурыз аралығында облыста тұрақсыз ауа райы болжанады. Сондай-ақ, 29 наурызда түнде облыстың батысында, күндіз облыстың көп бөлігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар) болуы ықтимал. Сәуір айының алғашқы күндерінен бастап ауа райы жылынады. Кей жерлерде термометр бағаны күндіз + 14 градусқа дейін көтеріледі», - дейді «Қазгидромет»  СҚОФ директоры Қымбат Мергалимова.

Мамандар болжамынша, СҚО-да 42 елді мекенді су басуы мүмкін. Тасқын қаупі күшейген Ақжар, Уәлиханов және Ғ.МҮсірепов аудандарына құтқарушылар жіберілді.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#СҚО #су тасқыны