Норвегия мен Польша байқаушылары еліміздегі дауыс беру процесіне баға берді
Байқаушылар сайлаудың бекітілген стандартқа сәйкес жүріп жатқанын айтуда
Норвегия мен Польша байқаушылары Қазақстандағы дауыс беру процесінде кемшіліктер байқамағанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Астанадағы Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығында өткен брифингіде Оңтүстік Шығыс Норвегия университетінің лекторы, халықаралық байқаушы Глен Агунг Холе депутаттарды сайлау заң талаптарына сай жүріп жатқанын айтты.
«Астанадағы бірнеше сайлау учаскесінде дауыс беру қалай жүріп жатқанын байқап келдім. Осы орайда сайлау процесі дұрыс жүріп жатыр деп айта аламын», - деді Г. Холе.
Өз кезегінде Бойма атындағы Азия және жаһандық зерттеулер институтының ғылыми кеңесшісі (Польша) Ежи Олендзкий Қазақстандағы дауыс беру процесін халықаралық байқаушылар егжей-тегжейлі қарап отырғанын жеткізді.
«Астанадағы үш сайлау учаскесінде болдым. Олардағы дауыс беру бекітілген стандартқа сәйкес жүріп жатыр. Біз ешқандай кемшілікті байқамадық», - деді Е. Олендзкий.
Айта кетейік, бүгін Қазақстанда Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау басталды.
Дауыс беруге 18 жасқа толған Қазақстан азаматтары қатыса алады. Сайлау тізімдеріне 12 миллионнан астам азамат кіреді.
Сайлау учаскелеріндегі дауыстарды санау 19 наурызда жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 20:00-де басталады және 20 наурызда таңғы 8:00-де аяқталуы керек.