$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ресейлік композитор соғысқа қарсы пост жазғаны үшін 5 жылға сотталды

Музыкантқа сырттай үкім шығарылды

Ресейлік композитор соғысқа қарсы пост жазғаны үшін 5 жылға сотталды
Фото ашық дереккөзден

Ресейде «әскери фейктер» ісі бойынша тағы бір сырттай үкім шығарылды. Кировтың Первомай соты Вятка филармониясының бұрынғы дирижері және қалалық әнұранның авторы композитор Прохор Протасовқа үкім шығарды. Композитор жалпы режимдегі колонияда 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Ryhy.

«Желілік бостандық» телеграм-арнасының жазуынша, жақында мемлекеттік айыптаушы Протасовты 2022 жылдың көктемінде «Вконтакте» желісінде «Ресей әскери қызметшілерінің Бучадағы әрекеті туралы жалған хабарламаларды қасақана таратқаны» үшін 9 жыл тағайындауды талап етті. Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 207.3-бабы, 2-бөлігі бойынша максималды жаза – 10 жылға бас бостандығынан айыру.

Протасов бірнеше жылдан бері Ресейде тұрмайды. Алайда ол өзінің түсіндірме хатын Кировтағы сотқа жіберді.

«Менің Бучадағы бейбіт тұрғындарды өлтіру туралы пікірім өзім сенетін ақпарат көздерін зерттеу арқылы қалыптасты. Мен осы ақпарат көздерінен алған ақпаратты сенімді деп бағалаймын, себебі бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметтерін көптен бері оқып келемін, онда жарияланған ақпаратты шындық деп санаймын. Бұл ақпаратты кейіннен БҰҰ және ЕҚЫҰ сияқты халықаралық ұйымдар растады», - дейді  Прохор Протасов жолдаған хатында.

Ресей соты биыл «әскери фейктер» ісі бойынша сырттай үкім шығара бастады. Аталған іске қатысты алғашқы сотталғандардың арасында публицист Александр Невзоров пен блогер Вероника Белоцерковская бар. Олар да шетелде тұрады.

Канадада болған кезінде кировтық композитор «Вконтакте» желісінде орыс музыканттарын үндемеуге шақырған хабарлама жариялаған еді. Ол сондай-ақ Киров облысының губернаторы Игорь Васильевке, Киров басшысы Елена Ковалеваға және облыстық жиналыстың 40 депутатына соғысқа қарсы хаттар жіберді, деп жазады «Медиазона» (Ресейде «иноагент» деп жарияланған).

«ВКонтакте» желісіндегі жазсабында композитор Бучадағы зорлық-зомбылық туралы да жазба қалдырған болатын. Кейін «Медиазонаның» нұсқасы бойынша композиторға денонсация жазылған.

Тамыз айының соңында музыканттың парақшасы Ресейдің Бас прокуратурасының талабы бойынша бұғатталды. Прохор Протасов Кременчугтағы сауда орталығына және Бучадағы зымыран соққысы туралы жазбасын парақшасы бұғатталғанға дейін жариялап үлгерді. Дәл сол жазбасы композиторға «әскери фейктер» ісі бойынша іс қозғауға себеп болған.

Серіктес жаңалықтары