$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Стати ісі: Қазақстан тағы да жеңіске жетті

Голландия соты алаяқтықпен алынған төрелік шешімді танудан бас тартты 

Стати ісі: Қазақстан тағы да жеңіске жетті
Фото ашық дереккөзден

9 қаңтарда Амстердам округтік соты Нидерландының жария тәртібіне қарсы келетін Анатол Стати, Габриэль Стати, Ascom Group S. A. және Terra Raf Trans Trading LTD. (Стати) процессуалдық алаяқтығы нәтижесінде алынған төрелік шешімді орындау туралы талап-арызын қанағаттандырудан бас тартты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.  

Әділет министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 2021 жылғы 24 желтоқсанда Амстердам Жоғарғы соты Апелляциялық соттың төрелік шешімді тану және орындауға қатысты бұрынғы шешімін жойып, істі Амстердам Окруктік сотына қайтарды. Амстердам Окруктік сотының 2022 жылғы 3 мамырдағы аралық шешімі Республикаға төрелік шешім процедуралық алаяқтық арқылы алынды деген ұстанымын жаңа дәлелдер негізінде одан әрі негіздеуге мүмкіндік берді.

Республика Статидің алаяқтығын, атап айтқанда, Стати мен олардың KPMG аудиторы арасындағы хат-хабарларды ұсына отырып, төрелік кезінде Стати сүйенген қаржылық есептер айтарлықтай бұрмаланғандығын және KPMG кейіннен бұл есептерді кері қайтарып алғанын дәлелдеді.

Сонымен қатар, Республика Статидің бақылауындағы бірнеше ұйымдардың банктік үзінділерін алып талдағаннан кейін Статидің қаражатты жымқырғандығын анықтай алды. Амстердам Округтік соты алаяқтықтың барлық ауқымымен танысып, Стати төрелік шешімге алаяқтық арқылы қол жеткізді деп шешті және осы негізде Статидің тану және орындау туралы өтінішін қабылдамады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Нидерланды соты Республика пайдасына шешім шығарған және Статидің алаяқтық әрекетін мойындаған алғашқы сот емес. 2021 жылғы 16 қарашада Брюссель Апелляциялық соты төрелік шешімді Бельгияда тану мен орындаудан бас тартқан болатын. Сот шешімінде Статидің төрелікке дейін, оның кезінде және одан кейін де алаяқтық жасағанын анықтады. 2021 жылғы 2 желтоқсанда Люксембург Апелляциялық соты Статиге қарсы жүргізіліп жатқан қылмыстық тергеуге байланысты төрелік шешімді тану және орындау рәсімін тоқтатты. 2022 жылғы қыркүйек және желтоқсан айларында Анатол Стати мен Габриэль Статиге алаяқтық, жалған құжат жасау және ақшаны жылыстату күдігі бойынша ресми айып тағылды. 2017 жылғы 6 маусымда Англия Жоғарғы соты «prima facie» Статидің төрелік шешімді алаяқтық арқылы алғаны туралы жеткілікті дәлелдер анықтаған болатын.

Осылайша, Нидерланды Корольдігі, бірінші сатыдағы соттың Стокгольдік төрелік шешімді танудан және орындаудан бас тартқан төртінші юрисдикция болды. Статиге қарсы істе Қазақстан Республикасы пайдасына шешім шығарған төртінші ел. Амстердам Округтік сотының шешімі Статидің алаяқтығы Қазақстанның әділ және тең құқықты төрелік ету құқығын бұзды деген сенімін одан әрі нығайтты.

Қазақстан Республикасының Әділет министрі Азамат Есқараев бұл шешімге келесідей түсініктеме берді:

«Қазақстан Республикасы молдаван олигархтары Анатол Стати мен Габриэль Статиді жауапқа тартуға бағытталған өзінің көп жылғы күш-жігерінде тағы да революциялық жеңіске жетті. Бұл сот істі толығымен қарап, Стати біздің елге, олардың аудиторларына (KPMG), төрелік сотқа және шешімнің күшін жою бойынша Швеция соттарына қатысты алаяқтық жасағанын растаған төртінші жағдай».

Амстердам Округтік соты Статидің Республикада қаржылық алаяқтық жасағанын растады:

«Стати (і) бақылауындағы компания Hayden Limited Ltd арқылы шикі мұнайды сату кезінде ҚПМ мен ТНГ (Статидің қазақстандық компаниялары «Қазполмұнай» және «Толкыннефтегаз») қаражатын жеке шығыстарға пайдалана отырып, ауқымды сомаларды шығарды; (іі) ТНГ-дан газ өңдеу зауытын салу кезінде заңсыз мәмілелер арқылы Статимен құпия бақыланатын Perkwood компаниясы арқылы ондаған миллион доллар шығарды; және (ііі) өзінің шығындарын «активтер» мен «шығындар» жылдық есептілігінде жасыру нәтижесінде жылдық есептілікті айтарлықтай бұрмалады». 

Сонымен қатар, Амстердам Округтік соты Қазақстанда Стати жасаған қаржылық алаяқтық төрелік кезінде талқылаудың мәні болған жоқ деген қорытындыға келді.

Статидің төрелікке жалған және толық емес ақпарат бергені, саналы түрде жаңылыстыратын мәлімдемелер жасағаны және тиісті фактілерді жасырғаны анықталды. 

«Стати Нидерландының жария тәртібін бұзу болып табылатын төрелікте процессуалдық алаяқтық жасады деген негізде Статидің төрелік шешімді тану туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартылды», - делінген Амстердам Округтік сотының хабарламасында.

Осылайша, төрелік шешімді орындаудан бас тартылды, бұл ретте Қазақстан Республикасының шығыстарын Стати өтеу тиіс.

Қорытындыдан белгілі болғандай, Амстердам Округтік сотының маңызды жаңа дәлелдерге негізделген шешімі Статидің төрелік шешімді алаяқтық арқылы алғандығын растайды. Қазақстан Республикасы Статидің басқа юрисдикцияларда төрелік шешімді орындауға талпыныстарына қарсы өзінің әрекеттерін жалғастыра беретініне сенімді. Амстердам Округтік сотының бұл шешімі Қазақстан үшін басқа юрисдикцияларда әділ және шынайы төрелік ету құқығын қорғауда берік негіз болады.

Серіктес жаңалықтары