"Нокаутқа уәде берем":  кәсіпқой боксшы Ангелина Лукас  әуесқой боксшы Назым Қызайбайды жекпе жекке шақырды

Ертең, 11-ші желтоқсан күні Алматыда айтулы бокс кеші өтеді

"Нокаутқа уәде берем":  кәсіпқой боксшы Ангелина Лукас  әуесқой боксшы Назым Қызайбайды жекпе жекке шақырды
Фото: Әсет Құндақбаев

Кәсіпқой бокста әлі жеңіліп көрмеген Ангелина Лукас (2:0, 1 КО) өзінің әуесқой бокстан кетуіне себеп болған басты қарсыласы жайлы пікір білдірді. Almaty Arena спорт кешенінде өткен баспасөз мәслихатында атышулы ару Ангелина  өзі туралы дауға байланысты жауап берді. Ол әуесқой бокстағы басты қарсыласын рингке шақырды.

Боксшы ертең, 11 желтоқсан күні Алматыда кезекті жекпе жегін өткізеді. Оның қарсыласы танзаниялық мінезді қыз Лулу Каяге (8-8-4, 2КО). 52 келі салмақта төбелесетін екеуі UBO чемпиондық белбеуін сарапқа салады.

"Назым Қызайбай алдымен кәсіпқой рингке шығып көрсін. Ол туралы айтқым да келмейді.  Шлемсіз жекпе жек өткізіп көрсін,  сезінсін. Менің рейтингім одан жоғары. Мен арамыздағы дауды рингте шешуге дайынмын. Менің деңгейіме жетіп алсын",- деді кәсіпқой боксшы Ангелина Лукас.

Сондай-ақ ол кез келген уақытта әуесқой боксқа оралуға мүмкіндігі бар екенін де еске салды. Кәсіпқой бокста осымен үшінші рет атақ үшін айқасқа шыққалы отырған Ангелина өзінің алдағы жоспарлары туралы да айтты.

"Мені әуесқой бокстан кетті деп кім айтты?  Кез келген уақытта оралып,  бәсекелес тудырам. Алда Тәуелсіздік күні. Туған жерімде кезекті рет маңызды өнер көрсеткелі жатырмын. Қарсыласым жиырмаға жуық жекпе жек өткізген,  тәжірибесі мол боксшы. Еліме жеңіс силаймын. Нокаутқа уәде берем. Мақсатым әлемдік ареналарда жоғары деңгейде өнер көрсету. Қазақстанның атын шығару",- деді боксшы қыз.

Еске салайық, ертең,  11-ші желтоқсан күні Алматыда айтулы бокс кеші өтеді. Кештің басты жекпе жегі Жанқош Тұраров (25-0, 18КО)  пен азулы испаниялық Луис Энрике Ромеро (11-5-1, 7КО)  арасында өтеді. Бұл айқаста IBO Intercontinental чемпиондық титулы бәске тігіледі. 

Одан бөлек WBC нұсқасы бойынша чемпиондық айқас қазақстандық Елхан Табынбаев (5-0, 3 КО)  пен бразилиялық Матэус Дэ Силва (7-0, 3КО) арасында өтеді.  MOVID Promotions  ұсынған DAZN аясында өтетін бокс кешін әлемнің 100 млн жанкүйері көреді деп болжанған. Қарсыластар бүгін салмақ өлшеу рәсімінен өтіп,  көз түйістірді (Face-To-Face).

«Нокаутқа уәде берем, бірақ оның нешінші раундта болатынын айта алмаймын. Бір  ғана ауыр соққы бәрін шешеді. Қарсылас мықты. Белбеуді елімде қалдырам. Өзімнің ғана емес,  елімнің намысы. Ертең жоғары деңгейде шоу көрсетуге уәде берем»,- деді Жаңқош Тұраров.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.