Асқар Забикулиннің өліміне себеп болған өрттің неден шыққаны белгілі болды
Биыл елорда аумағында 682 өрт тіркелген, оның 105-і көппәтерлі тұрғын үйлерден шыққан
Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің өмірін жалмаған өрттің шығу себебі туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Осы жылдың 16 қарашасында Бауыржан Момышұлы даңғылы, 14 мекенжайындағы «Қаһарман» тұрғын үйінде өрт болған, өрттің шығуына электр сымдарының қысқа тұйықталуына әкеп соқтырған ұзартқыш желісіндегі ақау себеп болған», - делінген ТЖД хабарламасында.
Ведомство мәліметінше, биыл елорда аумағында 682 өрт тіркелген, оның 105-і көппәтерлі тұрғын үйлерден шыққан. Әдетте, өрттің себептері тұрғындардың өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаудан туындап жатады.
Астана қаласының ТЖД электр желілерін, ток көздерін ақаусыз күйде ұстауға, желілік сүзгілерді және басқа да электр құралдарын жарамсыз күйде пайдалануға жол бермеуге ерекше назар аударуды ұсынады.
«Осыған байланысты, тұрғындарға өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін саналы жауапкершілік танытуды сұаймыз», - деді ТЖД өкілдері.
Еске салайық, 16 қарашада елордалық өрт сөндірушілер Астанада өртеніп жатқан пәтерден бес адамды аман алып қалған болатын. Кейін адамдарды құтқарған өрт сөндірушілердің аяқ-қолы мен бетін күйік шалғаны анықталды. Ал денесінің 80 пайызын күйік шалған Асқар Забикулин жансақтау бөлімінде көз жұмды.