Петропавлда түрік инвесторлары аяқсыз қалдырған аурухана құрылысы бюджет есебінен жалғасады
Бірақ құрылыстың қашан жанданатыны әзірге белгісіз

Петропавлда түрік инвесторлары аяқсыз қалдырған облыстық көпсалалы аурухана құрылысы республикалық бюджет есебінен жалғасады. Бұл туралы құрылыс саласындағы инвестжобалар бойынша өткен онлайн турда белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Петропавлдағы ауқымды жоба – облыстық көпсалалы аурухананың құрылысын түрік инвесторы жүргізіп, биыл жыл соңында пайдалануға беруі тиіс еді. Жоспар бойынша медицина орталығы әлемдік стандарттарға сай салынып, өңірде медицина туризмін дамытуы тиіс еді.
Алайда көктемде құрылыс тоқтап қалды.
«Мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмін жүзеге асыру аясында, республикалық бюджет есебінен Петропавлда облыстық көпсалалы аурухананың құрылысы жалғасады. Қазіргі уақытта мемлекеттік-жекешелік әріптестік келісімшартына түзетулер енгізіліп жатыр», - деді СҚО әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев.
Бірақ құрылыстың қашан жанданатыны әзірге белгісіз.
Жалпы Петропавлда қазір 250 орындық екі емхананың құрылысы жүріп жатыр. «Жас Өркен» және «Береке» ықшамаудандарында салынып жатқан нысандар келер жылы пайдалануға берілуі тиіс.
«Келесі жылы Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөлде де 250 орынға арналған емхананың құрылысы басталады. Айыртау ауданының Лобаново елді мекенінде 30 адамдық дәрігерлік амбулатория салынады. Бұдан басқа 4 дәрігерлік амбулаторияның, 2 фельдшерлік-акушерлік және бір медициналық пунктің жобалары әзір. Олардың құрылысы 2023 жылы басталады», - деді облыс әкімінің орынбасары.